Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асанәлі Әшімовтің "өкіл қызы" аяқ астынан өзгерген тағдыры туралы айтты

Асанәлі Әшімовтің "өкіл қызы" аяқ астынан өзгерген тағдыры туралы айтты

Ананың ардақты образын сомдау арқылы театр тарланы Райымбек Сейтметовтың шәкірті атанып, өнерімен Асанәлі Әшімовті мойындатқан түркістандық өнерпаз Салтанат Қырқынбекова тағдырының күтпеген жерден өзгеруі, болашақ жарына өзін алып қашуға рұқсат бергеніТүркістанда көпбалалы педагогтар отбасында туып өскен талант иесі А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқып, 1999 жылы «Драма театр және кино актері» мамандығын тәмамдаған. 
- Төртінші курстың аяғында Мұхтар Әуезовтің әйгілі трагедияларының бірі - «Қарагөздегі» Маржанның рөлін сомдау бұйырды. Бұл дипломды қорғау жұмысым болатын. Комиссия мүшесінің қатарында отырып, қойылымды тамашалаған Халық әртісі Асанәлі Әшімов ағамыз өз дәрежесінде өнер көрсеттің деп бес емес, жеті деген баға қойған. Ақ батасын алып, менің өкіл әкем болатынын айтты. Ата-анамды қайтарып жіберген едім. Олармен танысудың сәті түспеді, - деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.
Диплом алып, маман атанған Салтанат Қырқынбекова сол жылдың қараша айында ҚР Еңбек сіңірген әртісі, ҚР Халық әртісі, профессор Райымбек Сейтметов бастаған құраммен Түркияға баруы тиіс болған. Алайда Салтанат Тастанбекқызы төл құжатын үйінде ұмытып, құрамнан қалып қояды.
- Сол кездегі санаулы минут өмірімді түбегейлі өзгертті. Тіркеуге үлгермегенім үшін өзіме қатты ренжідім. Режиссер Ташкент арқылы қайта тіркеліп, бірге барамыз дегенде қырсығып тұрып алдым. Шынымды айтсам, негізгі құрамда соншама дайындалып, қалып кетемін деген ой болмады. Жатақханаға қайтып келіп, жылап жатып алдым. Ешнәрсеге зауқым болмай жүрген еді. Бірнеше күн бұрын үйімізге бір жігіт келіп, мені сырттай қарап кеткен. Жатақханада жатсам, іздеп келіпті. Содан жақын жердегі мейрамханаға бардық. Ә дегеннен әңгімеміз де жараса кетті. Ол жігітпен екінші рет жолығуым. Жігіттің үй-жайы, жұмысы, отбасын сұрап жатпай, сол күні-ақ алып қашуына келістім. Осылайша бір-ақ сәтте ақ орамал киіп келін атандым, - деп кейіпкеріміз 20 жыл бұрынғы оқиғаны еске алды.
Дегенмен, бүгінге дейін 4 қыз, 2 ұлды дүниеге әкелген батыр ана мамандығына адал болып, өнер жолынан алыстамады. Алғаш ашылғаннан Түркістан қаласының сазды-драма театрының әртісі болып қызмет етсе, 2002 жылдан бастап өзі оқыған университетте «сахна тілінен» дәріс береді.
- Жолдасым екеуіміз Құдайдың берген перзентін бағып-қағып өсіріп жатырмыз. Отбасыда егіз дүниеге келуі негізі нағашыларымның қанында бар. Анамның анасы егіз тапты, анам да Балжан және Бауыржан есімді ұл мен қызды дүниеге әкелді. Менде бір емес, екі егіз. Тұңғышымыз Шынар -студент. Үйдің қос кенжесі Нұрым мен Айым да мектеп табалдырығын аттағалы отыр,- дейді «Күміс алқа» иегері.
Өнер иесі тек актерлік шеберлігімен емес, дүйім жұртты сыңғырлаған үнімен де таң қалдырған. 
- Сахна мен үшін халықты тәрбиелейтін орын. Біз әрбір рөлді сомдау үшін бар ынтамызбен сезініп жеткізуге тырсамыз. Көрерменге күлдіріп, жылатып ой салу арқылы драматургтардың қағаз бетіне түсірген шығармасын көпшілікке жеткіземіз. Сөздің құдіретін, сахнаның киесін ұғынған халықпыз. Егер Түркістанға опера және балет театрын ашып, біз сияқты Райымбек Сейтметовтің көзін көрген шәкірттерін шақырса, қуана барар едім. Ал әншілікке келсек, дауысым - сопрано, арияларды орындап, кез-келген жанрда ән саламын, - дейді түркістандық өнер иесі.
16 шілде 2019 ж. 837 0