Әр әзілдің астарында шындық бар

Көрнекті актер ретінде кино өнерінде де өзіндік із қалдырды. Режиссер С.Нарымбетовтың бірнеше фильмінде, сондай-ақ Б.Шамшиевтің «Көктөбедегі кездесу», З.Подольскийдің «Қош бол, Медеу», С. Тәуекелдің «Махамбет», Р.Әбдірашевтің «Қаладан келген қыз», «Құрақ көрпе» және тағы да басқа көркем фильмдерде әрқилы да қызғылықты бейнелер жасады. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында көптеген бейнелерді сомдады. Сонымен қатар ән салып, бірнеше аспаптарда да ойнады. Суретшілік өнерден де кенде болмады. Қазақ Ұлттық Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарды. Құдайберген Сұлтанбаев 1995-1999 жылдар аралығында ҚР Парламентінің депутаттығына сайланды. Ол осы кезеңде ел үшін өзекті мәселенің бірі – Арал проблемасына ерекше назар аудартып, сайлаушыларының аманатын орындаған еді.
Сан қырлы өнер иесі Қ.Сұлтанбаевтың ерекше таланты сатира жанрында жарқырай көрінді. Көрерменнің көпшілігі оны алдымен «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасы арқылы жақсы таныды. Бұл тұста осы отаудың іргесін қалаушылардың бірі болған актер көрерменді хас өнерімен сусындатты.
Жақында облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе отырып, қазақ сатирасына елеулі үлес қосқан талантты актер, Қазақстанның халық әртісі, Бүкілодақтық эстрада әртістері конкурсының лауреаты, көрнекті актер, ұлағатты ұстаз Құдайберген Сұлтанбаевтың шығармашылығын насихаттау арқылы бүгінгі жастар арасында сатира өнеріне деген оң көзқарас пен қызығушылықты қалыптастыру мақсатында «Күлкі думан» атты әзіл-сықақ отауларының облыстық байқауын өткізді.
Байқауға ауданымыздағы «Алдаспан», «Мысқыл», «Тамаша» және Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі аудандарының әзіл-сықақ отаулары, яғни барлығы 9 өнер ұжымы қатысып, бақ сынады. Өнерпаздар кезеңде қазіргі кездегі өзекті мәселелер туралы қойылымдар мен интермедияларды, сондай-ақ пародия, монолог, пантомима және басқа да түрлі жанрда өнерлерін көрсетті. Көпті күлкіге қарық қылған әрбір әзілдің астарында шындық бар еді. Көрермендерді шынайы өмір көріністерінен алынған мағыналы да мәнді қойылымдары арқылы көтеріңкі көңіл күйге бөлеген байқауда Арал аудандық мәдениет үйі жанындағы «Тамаша» халықтық әзіл-сықақ отауы бас жүлдені жеңіп алды. Ал, қазылар алқасының шешімімен Қармақшы ауданы Ақай ауылының «Достар-ай» әзіл-сықақ отауы І орынды, Шиелі ауданының «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отауы ІІ орынды иеленсе, Арал ауданы Аманөткел ауылының «Алдаспан» халықтық әзіл-сықақ отауы мен Жаңақорған ауданынан «Күлеміз бе, қайтеміз» әзіл-сықақ отауы және Қармақшы ауданынан «Сүйінші» әзіл-сықақ отауы ІІІ орыннан көрінді. Мұнан өзге, байқауда өнер көрсеткен Жаңақорған ауданының «Жаңаша» халықтық әзіл-сықақ отауы, Арал ауданы Қызылжар ауылының «Мысқыл» және Жалағаш ауданының «Әзілизация» әзіл-сықақ отаулары Алғыс хатпен марапатталды.
(Өз тілшімізден).