Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДА ӘЗІЛ-ЫСҚАҚ ОТАУЛАРЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

АРАЛДА ӘЗІЛ-ЫСҚАҚ ОТАУЛАРЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Кеше Арал аудандық мәдениет үйінде қазақ өнерінің тарланы, дарынды актер, Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевтың шығармашылық өнер жолын насихаттауға арналған «Күлкі думан» атты әзіл-сықақ отауларының облыстық байқауы шымылдығын түрді. Облыстық байқаудың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов сөз алып,–Қай халық болмасын өзінің елдік қасиетін, рухани қазынасын биікке көтеріп, тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларымен мақтанатыны белгілі. Қазақ халқының сондай маңдайына біткен жарық жұлдызы, тамашаның тарланы – Қазақстан Республикасының Халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев деп мақтанышпен айтуға толық негіз бар. Бүгін осынау мәдениет саласының майталманы Қ.Сұлтанбаевтың есімін ұлықтау, шығармашылық жолын өскелең ұрпаққа насихаттау, жастар арасынан өнер тарланының ізін қуған дарындарымызды табу мақсатында «Күлкі думан» атты әзіл-сықақ отауларының облыстық байқауы ұйымдастырылып отыр, - дей келе, байқауға қатысушы өнер ұжымдарына сәттілік тіледі.Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Арал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан байқауға облысымыздың мәдениет үйлеріндегі әзіл-сықақ отауларымен қатар ауылдық елді мекендерде құрылған әзіл-сықақ үйірмелерінің талантты жастары қатысты.
Атап айтқанда, бүгінгі сайысқа тамаша тарланы Қ.Сұлтанбаевтың ізін басып келе жатқан 9 өнер ұжымы облысқа қарасты Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған және Шиелі аудандарының намысын қорғау үшін бақ сынасты.
Байқау екі кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезең бойынша қатысушылар   интермедияларында қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді сахналап, әзіл түрінде көрсетсе, екінші кезеңде пародия, монолог сынды түрлі жанрда өнерлерін ортаға салып, көрермендерді бір серпілітіп тастады.
Байқау қорытындысы бойынша Арал аудандық мәдениет үйі жанындағы «Тамаша» халықтық әзіл-сықақ отауы бас жүлдені жеңіп алды. Ал, қазылар алқасының шешімімен Қармақшы ауданы Ақай ауылының «Достар-ай» әзіл-сықақ отауы І орынды, Шиелі ауданынан «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отауы ІІ орынды иеленсе, Арал ауданы Аманөткел ауылының «Алдаспан» халықтық әзіл-сықақ отауы мен  Жаңақорған ауданынан «Күлеміз бе, қайтеміз» әзіл-сықақ отауы және Қармақшы ауданынан «Сүйінші» әзіл-сықақ отауы ІІІ орыннан көрінді. Мұнан өзге, байқауда өнер көрсеткен Жаңақорған ауданынан «Жаңаша» халықтық әзіл-сықақ отауы, Арал ауданы Қызылжар ауылының «Мысқыл» және Жалағаш ауданының «Әзілизация» әзіл-сықақ отаулары «Алғыс хатпен» марапатталды.  
20 мамыр 2019 ж. 1 133 0