Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАҒЫН АУЫЛДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҰЖЫМ

ШАҒЫН АУЫЛДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҰЖЫМ

Театр – өмір айнасы. Бұл тұста ел арасында болып жатқан өзекті мәселелерді өткір қойылымдарымен сахналайтын актерлердің шын шеберлігі басты назарда. Қызығы мен шыжығы мол өнердің осы бір түрі Аманөткел ауылындағы халық театрында жақсы жолға қойылған.
Аталған театр іргетасы 1960 жылы қаланып, содан бері «Халық театры» деген атағын жоймай, ауыл тұрғындарына рухани тұрғыда қызмет етіп келеді. Осы тұста театрдың құрылуына себепкер болған Сағабай Тілеуқабылов, Өмірзақ Қайыңбаев, Ибайдулла Сембиев, Молдабай Құлсейітов, Кадирхан Жаңабаев, Дөңес Пірекешов, Теңізбай Ибраев, Елубай Қуандықов, Жансия Тілеуқабылова, Жанайла Өтешова, Раш Махамбеталиева сынды аға-апаларымыздың еңбегі зор болды. Осы кісілердің бастамасымен жасақталған театр ұжымы бүгінде өз жолын қалыптастырды. Шағын ғана ауылдағы ұжымның үлкен жетістіктері жетіп артылады.
– Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Театр көктемі» облыстық байқауына қатысып, жеңіс биігінен көрініп келеміз. Мәселен, 1996 жылы О.Бодықовтың «Әттең, қысқа өмір-ай!» атты спектаклі ынталандыру сыйлығына ие болса, 1997 жылы Ә.Әбішевтің «Кім менің әкем?» атты спектаклі үшін сол кездегі театр режиссері Р.Жалмағанбетова «Үздік әйел» номинациясын еншілеген. Ал, 2004-2006 жылдар аралығында өткен театр байқауында үздік қойылым жасай білген ұжым бас жүлдені жеңіп алды. Мұнан бөлек, «Үздік қойылым» номинациясы мен «Үздік ер» образына халық театрының осы жылдары суретшісі болған М.Ералиев лайық деп танылды, – деп, театр режиссері Марат Тілеулиев жетістіктерімен бөлісті.
Тек табанды еңбек пен тартымды қойы- лымдарды жоғары талғаммен таңдайтын театр ұжымының жеңісі 2009 жылы «Тулақ» атты спектаклі үшін С.Жаңабаев алған «Үздік инсценировка жасаушы» номинациясымен жалғасты. Сондай-ақ, 2016 жылы Халықаралық театр күніне орай Шиелі ауданында өткен халық театрлары мен драма ұжымдарының облыстық байқауында ауылдық сахнагерлер А.Әуезханұлының «Беу, дүние, десеңші-ай!» атты драмалық хикаятын апарып, І орынды жеңіп алды. Аталған жылдың желтоқсан айында батыс аймақтары бойынша халық театрларының Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданында өткен фестиваліне қатысып, «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты ең жоғарғы номинацияға ие болды. Аманөткел ауылдық мәдениет үйінің директоры Серік Жаңабаевтың айтуынша, ұжым шығармашылығы дамытылып отырады.
–Халық театры жылма-жыл 2 шағын пьеса немесе 1 көп актілі спектакль дайындап, халық назарына ұсынып тұрады. Театрдың жалпы репертуарында осы аталған спектакльдерден басқа Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!», А.Сатаевтың «Шаңырақ», Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек», Қ.Аманжоловтың «Аңқау Жүсіп», Иранғайыптың «Алтын-Ажал» атты спектакльдері, Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда», «Дариға жүрек», С.Жаңабаевтың «Бөрілі менің байрағым», «Қазақ елі – менің ұлы Отаным», «Үшшоқыдағы жаңа жыл», «Даңғайыр ақын – Нұртуған», ауылымыздағы дәрігерлерге арналған «Үш бәйтерек», Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Көзімнің қарасы» пьесасы және тағы басқа қойылымдар бар, – деп, театр қоржынындағы маңызды қойылымдарға тоқталды.
Халық театры жанынан 1995 жылы «Алдаспан» әзіл-сықақ отауы құрылған болатын. Бұл әзіл-сықақ отауы бірнеше дүркін аудандық, облыстық байқауларда топ жарды. Атап айтар болсақ, 2000 жылы Қызылорда қаласында өткен «Әзілкештер ауылы» атты облыстық байқауында ІІІ орынды жеңіп алды. Бірнеше дүркін аудандық байқауларға да қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Бұдан бөлек, Ш.Смаханұлының 80 жылдығына орай өткізілген «Тамашаның та- машасы» атты байқауда бас жүлдені иелен- се, 2016 жылы белгілі актер М. Нұрекеевтің 70 жасқа толуына арналған «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты облыстық әзіл-сықақ отауларының байқауында ІІ орынды жеңіп алды. Осы байқауда халық театрының режиссері М.Тілеулиев «Сатираның үздік ойыншысы» номинациясымен марапатталды. Ал, 2017 жылы аталған байқаудан «Үздік әзіл» номинациясын қанжығаға байлады.
Шағын ауылдағы театр талай жетістікке жетіп жүрсе де, шешілмей тұрған мәселелері де жоқ емес. ҚР Мәдениет және спорт министрінің қолдауымен әзіл-сықақ отау- ына берілген штаттық мәселесі оң шешілсе деген тілегі бар. Шығармашылықтың шыңын бағындырған халық театры мен «Алдаспан» әзіл-сықақ отауында қазіргі күні Серік Жаңабаев, Лайық Нұралиев, Райса Жалмағанбетова, Сәуле Жанықұлова, Марат Тілеулиев, Бақытбек Шыманов, Муат Ералиев, Талант Баданов, Қуантқан Бердалиев, Нұрәлем Лайықұлы сынды өнерпаздар қызмет жасайды.
БАЛАУСА ТӨРЕБАЙ
01 сәуір 2018 ж. 2 293 0