Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер

Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер

Биылғы жылдың «Жастар жылы» болып жариялануы ел жастарына таптырмас мүмкіндік, үлкен қолдау болды. Өнер мен білімді жандарына серік еткен жастарға тек Қазақстанда ғана танылып қоймай, мемлекетіміздің атын қай салада болмасын алыс-жақын шетелдерге паш етуге жол ашылды. Тәуелсіздікке қол жеткізген аз уақыттың ішінде өзінің даму жолындағы ерекше үлгісімен әлем елдерінің назарына іліккен Қазақстанның жастары да ұлт мәдениеті мен ұстанымын, өнерін сан қырынан көрсетіп  үлгерді.  Сондай жастардың бірі – ауданымыздың мақтанышы, Қызылжар ауылының тумасы Айарыс Дәуқараев. Қазақтың қасиетті өнерінің құтты мекені баланатын, бұл ауылдан барша қазақты аузына қаратқан ақын да, жезтаңдай әнші де, жыршы-термеші де шыққаны жасырын емес. Бірақ Айарыстың өнер жолында таңдаған бағыты тіпті бөлек. Қазіргі уақытта қызылжарлық жігітті әртіс ретінде Қазақстаннан өзге де мемлекеттер мойындап отыр. Жуырда осы азаматпен тілдесіп, өнері мен шығармашылығы жайында әңгімелесудің мүмкіндігі туды. Сол сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
– Айарыс, бізбен әңгімелесуге уақыт тапқаныңызға көп рақмет. Сөзін сәлем мен таныстықсыз бастамаған елдің ұрпағымыз ғой. Сыртыңнан сахнаның саңлағы деп есітіп жатамыз. Өзіңді оқырман қауымға таныстырып кетсең.
– Ер-азамат үшін еңбегі еленгеннен және жерлестерінің бағасынан асқан бақыт жоқ  деп білемін. Мен 1999 жылдың 12 қазанында Арал ауданына қарасты Қызылжар ауылында дүниеге келдім. Сол ауылда орта мектепті 2016 жылы бітіріп, арман қуып Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына «театр өнері» факультетіне, оның ішінде  «драма театры және кино актері» мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Қазіргі таңда 3-курсты бітірдім.
– Актерлік салаға деген махаббатыңның оянуына не себеп болды? Ауыл баласын киноға жетелеген арман қай уақыттан басталды?
– Өнерге деген қызығушылық менде бала кезден-ақ пайда болды. Мектеп қабырғасында жүрген шақтан бастап түрлі үйірмеге, концертке қатысып, ән айтып, саxналық қойылымдарға қатысуды жаным сүйетін. Бірақ бала қиял қиял күйінде қалмауына зор септігін тигізген жандарға қазір рақметім шексіз. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген елміз ғой. Міне, менің бүгінгі барлық жетістігім облыс көлемінде мәдениет саласында айрықша еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, марқұм Амандық Жүгінісов ұстазымның мектебі дер едім. 6-сыныбымда түрлі мәдени шара мен  сахналық қойылымға бейімдеген сол  кісі. Оның еңбегін ешқашан есім­нен шығармаймын.
Ол сол кезде ауылдық мәдениет үйінің директоры болатын. Мені мәдениет үйі жанынан құрылған драма үйірмесіне мүше етіп кабылдады. Содан барлық мерекелік концерт, байқау, жайдарман, спектакльден қалмай, аудан, облыс, республика көлемінде көптеген жарысқа катысып, жүлдегер, жеңімпаз атанып жүрдік. Оқуға тапсырар кезде ағайымның ақ батасын алып, қадамым сәтті болды.
– Айарыс, театр және кино актері мамандығын қатар меңгеріп жүрсің ғой. Сахна актері кино актері бола алады ма?
– Кино мен театр өнері ұғымдары бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай егіз ұғымдар ғой. Әйтсе де олардың кәдімгідей айырмашылықтары бар. Киноға кез келген адам түсе алады. Ол жерде бастысы режиссер талап еткен рөлге фактураң сәйкес болса, 80% өтіп тұрсың. Театр актерлері кинода екібастан ойнайды. Оны отандық кинофильмдерден көріп жүрсіздер. Ал театрда екінің бірі бой көрсете алмайды. Бір рөлді алып, саxнаға бір шығудың өзі қанша еңбек, қаншама маңдай терді талап етеді. Театрда нағыз қайнауда шыныққан, өнердің ыстық-суығына төселіп қалғандар өнер көрсетеді. «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер ол – театр» деп бекер айтылмаған ғой.
– Көгілдір экранды әншілер жаулады, кинодан да, басқадан да соларды көреміз дегенді көпшілік айтып жүр. Бұл жайында пікірің қандай?
– Ол туралы мен әзірге ешқандай пікір айта алмаймын. Кино актері жайлы көзқарас айту мен үшін  әлі ерте. Мен – студентпін. Отандық кино әлеміне, шоу бизнеске етене араласа қоймадым. Бірен-саран экраннан көрініп, ел алдында жүрген жандарға баға беру орынсыз болар. Қазір өзім театр бағытында жұмыс жасап, шыңдалып жатырмын. Алланың қалауымен белгілі бір жетістікке де қол жеткізіп  үлгердік. Осы жылы наурыз айында  Алма­ты қаласында өткен ХІІ республикалық студенттер ара­сын­дағы олимпиадада «Ең үздік актер», «Ең үздік ер адам бейнесі» марапаттарына ие болдым. А.Әшімов, М.Өтекешова,  Т.Мейрамов сынды қазақ театр өнерінің майталмандарынан баға алып, ақ батасын есту бақыты бұйырды. Ізін ала  сәуір айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен  әлемдік студенттер байқауына Қазақстан атынан қатысып, лауреат атандым. Сонымен қатар жақында қазір өзім дәріс алып жүрген ұстаздарым, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлмен және Орта Азия мен Қазақстанға танымал жас театр режиссері Елік Нұрсұлтанмен бірге курс студенттерімен Татарстанның аста­насы Қазан қаласында өткен xалықаралық байқауда «дип­лом­дық спектакльмен» топ жардық. Ал жоғарыдағы сұраққа келер болсақ, «болар елдің баласы бірін-бірі батыр  дер» дегендей, аға-апаларымызға сәттіліктен басқа тілерім жоқ.
– Қазақ  киноларындағы жаттанды сценарийлерге қашан тың жаңалық келеді?
– Әрине қазіргі әлемдік кино өндірісінде қазақ кино саласы дамушы мемлекеттер қатарында. Алайда соңғы шығып жатқан фильмдерді қарайтын болсақ, өзіміз деңгейлес елдерден озық келе жатқанымызды байқау қиын емес. Мен бұл жерде сериалдар туралы емес, фильмдер туралы айтып отырмын. Атап айтар болсақ, «Анаға апарар жол», «Оралман» секілді фильмдер көптеген елде кино мамандарының оң бағасына ие болып, кинофестивальде топ жарды. Түп­теп қарасақ, барлығы қаржыға тіреледі ғой. Өкінішке қарай сериал­дардың жартысынан астамы телеарналардың ғана тап­сырысымен көрерменге жол тартады. Ал оларға фильм­дерге бөлінген қаражат секілді инвестиция құйылса, көрер­мен қауым сапасы жоғары сериалдар тамашалаған болар еді.
Сапалы дүние шығу үшін режиссер мықты болу керек. Режиссер мықты болса, актер де, басқасы да жоғарғы деңгейде болады. Яғни жоқтан бар жасай алады. Иә, бәрі алда. Әлі-ақ жақсы туындылар өз көрермендеріне жол тартады деп сенейік.
– Алдағы жоспарың, мақсатың  қандай?
– Алда жұмыс өте көп. Әлі кәсіби актер деңгейіне жете қойғаным жоқ. Қазіргі таңда ұстаздарым үйретіп жатқан бар білімді бойыма сіңіріп, барынша өзіндік қолтаңбам бар маман болып калыптасу. Алдағы уақыттакино өндірісінде де  біршама жобада жұмыс жасап, шеберлігімді шыңдап, Абай атамыз «сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан» деп айтқандай, қазақ өнеріне еңбегім сіңетін мықты маман, білікті актер, ең бастысы жақсы адам болып, өз болашағымды айқындасам деймін.
– Жастар жылы өзіңе қандай серпін берді?
– Иә, мемлекет тарапынан толағай тірліктер атқарылып жатыр. Жастар жылының атауы айтып тұрғандай, биыл мен ғана емес, барша қазақ жастарына үлкен мүмкіндік жасалып отыр. Рас, жастарға жігер беретін осындай бастамалар көптеп болса деймін. Сондай-ақ өнер атты теңізде қалқайып жүрген бір қайық болғандықтан, мен өнер мен мәдениетке, тарихқа елеңдемей отыра алмаймын. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы сол өткенді, өнерді, танымымызды қайта жаңғыртқанына қуаныштымын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ

10 шілде 2019 ж. 1 855 0