Қызылордалық жастар әскери борышын өтеуге неге асықпайды?

«Құқық қорғау органдарына, ұлттық қауіпсіздік комитетіне және емдеу-профилактикалық мекемелеріне сұраныстар жіберіліп, әскерге шақырушылардың тізімі және картотекасы құрылды. Мемлекеттің шекарасын күзету, халықтың тыныштығын қорғау – үлкен абырой мен сенім екендігін жас ұрпаққа түсіндіру маңызды қадамдардың бірі. Дегенмен, әскерге шақыру жұмыстары барысында әскери қызметке шақырылғандардың тұрғылықты мекен-жайы бойынша болмауы, әскерден түрлі себеппен жалтару сынды мәселелер туындайды. Осы орайда, ата-аналар, оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен жас ұрпақ арасында Отан алдындағы борышты өтеуге шақыруда қолдау көрсетуін сұраймыз», – деді қалалық қорғаныс істері басқармасының бастығы Алмас Чункунов.
Жастар мен жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбие беру және ер-азаматтың Отан алдындағы борышының маңыздылығын насихаттау мақсатында Қызылорда қаласында алғаш рет «Жастар арасында әскери-патриоттық шара ұйымдастыру» әлеуметтік қызметі қолға алынды.
«Аталған әлеуметтік жоба аясында Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасымен келісе отырып әскери-патриоттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар аясында жастарды әскерге шақыру бойынша бейнероликтер әзірленіп, әскерден келген белсенді сарбаздармен сұхбаттар, тікелей эфирлер ұйымдастырылады және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының штабы құрылатындығын жеткізді», – қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Парасат Жаңабергенов.
Сондай-ақ, жоба аясында әскери қызметкерлер мен соғыс ардагерлерін жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының студенттерімен кездестіру, бұдан бөлек қалалық әскери-патриоттық форум өткізу де жоспарланған.
kyzylorda-news.kz