КҮЗГІ МЕРЗІМДІ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ ЖӘНЕ ЗЕРДЕЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жиынға Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары подполковник Алмат Жакипов қатысып, еліміздегі әскери бөлімшелердің жағдайы туралы баяндады. Сонымен қатар, мерзімді әскерге шақырудағы негізгі мақсат – Қарулы Күштер және өзге де әскери құрылымдарды жас, денсаулығы мығым, психологиялық тұрғыда дайын сарбаздармен толықтыру, жинақтау, осы орайда, әскерге жарамды ер азаматтардың Отан алдындағы борышын өтеу жолында жалтармауы қажет екендігін айтты.
Одан соң аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының міндетін атқарушы Серікбай Назаров сөз алып, аудан бойынша жыл сайын әскери қызметке шақыру науқанында тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетінін атап өтті.
Мәселен, көктемгі мерзімді әскерге шақыру уақытында түсіндірме және ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізілуінің нәтижесінде борышын өтеуге ниетті азаматтардың белсенділігі артып, әскерге аттанған сарбаздар саны көбейген.
Сондай-ақ, мәжіліске қатысқан азаматтар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, сауалдарына тұщымды жауаптарын алды.
Мәжіліс соңында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім мамандарының қатысуымен әскери қызметке шақырылған азаматтарға зерделеу және түсіндірме жұмыстары жүргізілді.