Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет Отан қорғаушыларға қамқорлық жасап келеді – полковник

Мемлекет Отан қорғаушыларға қамқорлық жасап келеді – полковник

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жыл сайын ҚР Қарулы күштер қатарына Алматыдан 300 мыңға жуық шақырушылар әскер қатарына жіберіледі, тағы 500 азамат келісімшартпен қызметке қабылданады. 200-дей жасөспірім әскери оқу орынға түсіп, Отан қорғаушы мамандығын таңдауда. Бұл туралы Алматы қаласы Қорғаныс істер жөніндегі депатраментінің бастығы полковник Амантай Өсербаев Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шарада айтты.

Жиын барысында ол, биыл еліміз Қарулы Күштердің құрылғанына 27 жыл толуын және Отан қорғаушылар күнін атап өтіп жатқанына тоқталып, қазіргі Қазақстан Қарулы күштерінің әлеуеті жайында айтып өтті.
«Мемлекет Отан қорғаушыларға аса қамқорлық жасап келеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ел басқаруға келген күннен бері Қорғаныс саласын өз назарына алды. Жақында өткен «Айбалта-2019» жаттығуына қатысып, қарулы күштердің айбынына куә болды», - деді ол. 

Сонымен қатар ол, Отанымыздың қорғаныс қабілетін арттыру мақсатында Алматы қаласы жергілікті әскери басқару органдарының ұжымдары да өз үлесін жоғары деңгейде қосып жатқанын және адал борыш өтеуге жеке құрамға қала басшылығы жақсы жағдай жасап жатқанын жеткізді.

«2018 жылы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің тікелей тапсырмасымен қала бюджетінен Қорғаныс департаментінің ғимаратына күрделі жөндеу жасауға 2 млн теңге бөлінді. Осы жұмыс 2019 жылы да жалғасуда. Алматы қаласының шақыру пунктіне және Медеу аудандық Қорғаныс басқармасы ғимараттарына күрделі жөндеу жасауға қала бюджетінен 4 млн-ға дейін қаржы қарастырылуда. Жаңадан ашылған Наурызбай ауданы Қорғаныс басқармасына жаңа ғимарат бөлініп, жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр», - деді ол. 

Полковник сөз арасынада Алматы қаласынан Қарулы күштері қатарына қанша азамат жіберілетінін айтып өтті.
«Жыл сайын ҚР Қарулы күштер қатарына Алматыдан 300 мыңға жуық шақырушылар әскер қатарына жіберіледі, тағы 500 азамат келісімшартпен қызметке қабылданады. 200-дей жасөспірім әскери оқу орынға түсіп, Отан қорғаушы мамандығын таңдауда», - деді ол.
Амантай Өсербаев сондай-ақ, Алматы қаласынан әскери борышын өтеуге аттанып бара жатқан 50 жас сарбазға өзінің құттықтау тілегін арнады.
«Құрметті әскерге шақыртылушылар! Сіздерге сарбаз болу үлкен абырой, Отанымыздың патриоты болыңыздар. Өз әскери борыштарыңызды адал және абыроймен қорғаңыздар. Сарбаздық достықтарыңыз мықты және ұзақ болсын. Әскери борыштарыңызды жақсы өтеңіздер»,- деді ол
 
https://baq.kz

08 мамыр 2019 ж. 930 0