Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРУЛЫ КҮШТЕР – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ

ҚАРУЛЫ КҮШТЕР – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ

7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесі. Ел халқына шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз. Әр сүйем жер үшін, ата-баба қонысын жаудан көздің қарашығындай қорғап жүрген ерлерге, жаужүрек, қайсар мінезді сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.
Иә, ауданда осынау атаулы күн кең көлемде аталып өтті. Аталмыш шарада Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткізілген жауынгерлік парад онлайн көрсетілімімен бастау алды. Қуатты әскері бар елдің тұрғындарына ешбір қауіпке алаңдауға негіз жоқ екенін тағы бір дәлелдеді. Мемлекетіміз үшін ерекше маңызға ие жауынгерлік парадқа қатысқан Нұрсұлтан Әбішұлы барша қазақстандықтарды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, тәуелсіз Қазақстанның азаттығы мәңгілік болуы жолында бұл күннің өзіндік айрықша орны бар екенін атап өтті.
Мерекелік шара одан әрі аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың жиынға қатысушыларды құттықтауымен жалғасты. Аудан басшысы өз кезегінде:
 – Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – әр кезде де батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен елдіктің нышаны, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қазіргі таңда еліміздегі тұрақтылықтың кепіліне айналды. Содан бері еліміздің қауіпсіздігі нығайтылып, айбынды армияға айналуына жол ашылды.
Ал, дүние жүзі Қазақстанды әлемдік қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін құрметтейді. Бұл бағытта ұлттық әскер күштері еліміздің еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етуде, – деп, барша Отан қорғаушыларға жүрекжарды лебізін білдірді.
 Расында, тәуелсіз еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденіп, қайсар, ержүрек батырлардың жауын- герлік дәстүрінің заңды жалғасына айналған бұл күн – бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрлықта, теңізде қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген әрбір азамат үшін ерекше күн. Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген даналық сөз бар. Олай болса, бар ғұмырын Отанын қорғауға арнап, қызметін мінсіз атқарып жүрген әскери қызметкерлерге мың алғыс!
 Салтанатты жиында аудан басшысы бір топ азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Артынша жергілікті өнерпаздар мерекеге арнап ән мен жырдан шашу шашты.
 О. ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ
11 мамыр 2018 ж. 1 471 0