Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы Астана мерейтойын атап өту аса маңызды шара екенін айтты

Мемлекет басшысы Астана мерейтойын атап өту аса маңызды шара екенін айтты

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елорданың 20 жылдығын атап өтуге салмақты қарауды талап етті. Бұл жөнінде бүгін Астанада елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжіліс барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Осы жылдың маңызды іс-шарасы – Астананың 20 жылдығы болып отыр. Президент Әкімшілігінің жетекшілігімен мемлекеттік комиссияның бірқатар отырыстары өтті және жалпы дайындық алгоритмі, іс-шаралар мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бекітілді. Осы жылы жалпы 645 іс-шара жоспарланып отыр. Солардың ішіндегі ең маңыздылары – 5 шілде күні өтетін Қаржы орталығының халықаралық тұсаукесері, 4 шілде күні өтетін Дүниежүзілік мұсылмандар форумы, 3 шілде күні өтетін Жібек жолы елдері қалаларының мэрлері қатысатын форум және тағы да басқа форумдар, конференциялар, спорттық және мәдени іс-шаралар. Мәдениет министрлігі ұйымдастырып отырған елордалар парады маңызды жоба болып табылады», - деген қала әкімі Әсет Исекешовтің баяндамасын Мемлекет басшысы өз ескертуімен бөлді.«Барлық шараны бүкіл маусым айында өтетіндей етіп жоспарлау керек. Ең болмағанда, 15 маусымнан басталуы тиіс. Күн сайын бір шара өтуі керек», - деді Мемлекет басшысы.
Әсет Исекешев өз кезегінде мұндай мерекелік іс-шаралар мамыр айынан басталатынын айтып өтті.
«Нұрсұлтан Әбішұлы, мамыр, маусым, шілде айлары, тіпті, шілде айында да өтеді. Елордалар парады біздің көршілеріміз тек концертпен емес, іскерлік форум, ғылыми форумдар өткізетін боламыз. Қазіргі уақытта Мәскеу, Бейжің, Анкара өз келісімдерін беріп отыр», - деді қала басшысы.
Сонымен қатар, Исекешев өңірлердегі Астана күндері аясында Астана шығармашылық ұжымдары елдің басқа аймақтарында өз концерттік бағдарламалары мен елордадағы инвестициялық жобаларды таныстыратынын мәлімдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев Астананың мерейтойын атап өту барысындағы іс-шараларға салмақты қарау керек екенін айтты.
«Біз барлығымыз мерекені жақсы көреміз. Қазақстан той десе ішкен асын жерге тастап жүгіретін халықпыз ғой. Сондықтан, жай ғана шуға толы етіп өткізу маңызды емес, барлық облыс қатысқысы келетінін білемін. Мұның барлығы бір арнада болуы керек және бұл мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Облыстарға аса қатты жүктеме жасаудың да қажеті жоқ, елорда үшін қолынан келгенін жасайды да. Бірақ, бұл маңызы бар жоба болуы керек. Жай ғана ескерткіш орнату емес. Қала үшін маңызы бар болсын. Көшелер, бақшалар, саябақтар, қандай да бір нысандар. Мүмкін барлығы жиналып бір мектеп салып берер. Сондықтан, бұл шараға салмақты қарау керек», - деп ескерту жасады Елбасы.
Ақмарал Шағатай
Baq.kz
05 сәуір 2018 ж. 1 150 0