Астананың 20 жылдық мерейтойы қазақстандықтарды несімен қуантады?
АСТАНА, 22 ақпан – Sputnik. ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан елорданың 20 жылдығына орай дайындалып жатқан мәдени-спорттық іс-шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Астананың 20 жылдығы тек республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі айтулы оқиға болмақ. Министрлік өкілінің айтуынша, мерейтойды дайындау және өткізу мақсатында үкімет қаулысымен барлығы 175 шара қамтылған.
"Оның ішінде ұйымдастыру және дайындық шаралары – 7, қоғамдық маңызды, ғылыми және практикалық – 67, мәдени және бұқаралық – 65, спорттық – 18, ақпараттық-имидждік –18. Олардың ішінде 44-і халықаралық, 91-і республикалық, 15-і өңірлік деңгейде өтеді. Жалпы республикалық жоспарға қосымша өңірлік жоспар да жүзеге асып жатыр. Оның ішінде 1800-ден астам шара өткізу көзделіп отыр", — деді Нұразхан.
Оның ақпаратынша, елорда мерейтойы аясында маусымнан қыркүйекке дейін "Этноауыл" ұлттық мәдени кешені жұмысын бастайды. Онда "Алпамыс", "Школа трапеции" атты театр-цирк шоуы ұйымдастырылады. "Астаналар шеруі" ауқымды халықаралық жобасына танымал әртістер мен 20 елдің белгілі спортшылары (Париж, Берлин, Лондон, Мәскеу, Сингапур, Бейжің) қатысады.
Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш рет "AstanaMusical" театры Рикардо Коччанте және Люк Пламондономмен бірлесіп аңызға айналған француз-канадалық "NotreDamedeParis" музыкалық шығармасын қояды.
Елорданың мерейлі мерекесіне орай халықаралық симфониялық оркестрдің орындауымен қазіргі заманның ұлы композиторы Карл Дженкинстің "ShineAstana" ("Жарқыраған Астана") ораториясының премьерасы өтеді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында тұңғыш рет "Астана – бейбітшілік дауысы" халықаралық фестивалі ұйымдастырылмақ. Онда бес құрлықтың 500 хор әртісі мен танымал әлемдік солистер өнер көрсетеді. Сондай-ақ, қазіргі заманғы этникалық музыка мен бидің "The Spirit of the Dance", көшпелі мәдениеттің "Nomad Way", әзіл-сықақ жанрдағы "Astana Azil Stars Fest" және "Бауржан Fest" халықаралық фесивальдері, "Астана 2018 – Еуразия оқу корпусы" фестивалі, Дүниежүзілік оқу конгресі, "Астанадағы 20 әлемдік кітапхананың" деректі кітаптары мен сирек қорларының көрмесі, балалар жазушыларының форумы өтеді.
Алғаш рет Open Air форматында Мұқан Төлебаевтың "Біржан – Сара" ұлттық операсының қойылымы жоспарланған. "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" балетінің, "Севильский цирюльник", "Евгений Онегин" операларының премьерасы өтеді деп күтілуде.
Әлемдік ауқымдағы тағы бір маңызды жоба – халықаралық сәулетшілер конгресі. Конгресс аясында конференциялар, сәулет және дизайн саласындағы жаңа технологиялық өнертабыстар көрмесін, студенттер мен жас сәулетшілерге арналған шеберлік сағатын өткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, спортсүйер қауым үшін де жағымды жаңалықтар бар. Мәселен, әлемнің 60 елінен спортшы қатысатын "Әлем барысы", "Ұлы дала рухы", "Ұлы дала аламаны", қазақ күресінен "Қазақстан барысы" республикалық турнирін, сондай-ақ бірқатар халықаралық жарыс өткізу көзделген.