Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскери борышты өтеу – асқақ мәртебе

Әскери борышты өтеу – асқақ мәртебе

Елімізде жауынгерлік ерлік пен әскери қызмет айрықша құрметке ие. Отанымыздың тәуелсіздігін қорғау, мемлекеттің шекарасын күзету, халықтың тыныштығын қорғау – үлкен абырой мен сенім. Біз туған жерімізді шетелдік басқыншылардан қорғаған батырларымыздың ерліктерін құрметтейміз. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы майдан шебінде фашистік әскерлермен күрестегі әкелеріміз бен аталарымыздың ерліктерін мақтан тұтамыз. Барлық ұрпақ жауынгерлерінің ауыр сынақтар мен бейбіт уақыттағы жауынгерлік еңбегі, көрсеткен ерлігі мен батырлығы ел есінде.
Еліміздегідей Арал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде де көктем айында елімізде әскерге шақыру науқаны басталады. Елбасы Жарлығына сәйкес 18-27 жас аралығындағы өрендер әскерге шақырылатын азаматтар қатарына жатады. Шақырылушылар әскерге жарамдылығын анықтау үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша аталған бөлімге барып, арнайы медициналық тексеруден өтеді. Әрбір ер-азамат үшін Отан алдындағы әскери борышын өтеу – үлкен мәртебе. Ал жастарымызды болаттай берік, темірдей төзімді етіп тәрбиелеу әскери өмірдің еншісінде. Жас сарбаз Отанымыздың Қарулы Күштері қатарына қабылданғаннан кейін ең алдымен психологиялық тексеруден өтеді. Жылдан-жылға ауданда әскерге баруға құштар жастарымыздың қатары артып келеді. Небір әскери қызметті таңдаған аралдық жастар әскери жоғары оқу орнында оқып жүр. Талайы сол оқу орнын бітіріп, офицер шенін алып, білім-біліктерін Отан қорғау қызметіне арнауда. Әскери борышын өтеп келген аудан азаматтарының арасында келісімшартпен әскер қатарында қалып жатқандары қаншама! Мұндай жастарымыздың көбейіп келе жатқаны көңілімізге қуаныш ұялатады, сенім отын маздатады.
Ел басшылығының ұдайы қамқорлығының арқасында біздің Қарулы Күштеріміз мемлекеттің сенімді қалқаны, жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің бүкіл жүйесінің құрамдас бөлігі болды. Жылдан-жылға қазақстандық армия қазіргі заманғы қару-жарақпен және техникамен қамтамасыз етіліп, жоғары білімді мамандармен толықтырылып, олардың жауынгерлік қабілеттілігі артып келеді. Қазіргі таңда әскери қызметшілерге әлеуметтік, медициналық, қаржылық көмек және тұрғын үй бойынша көптеген жеңілдік қарастырылған.
Осы тұрғыда аудандағы қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Бауыржан Қуатов, орынбасары, майор Серікбай Назаров, Нұржан Байсақалов сынды азаматтар көктемгі әскерге шақыру науқанын қолға алып, өз дәрежесінде қызмет атқаруда. Оған облыс аудандары ішінде үш жыл қатарынан Арал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлерінің бірінші орын алып келгендігі айқын дәлел. Арал ауданы биыл да 80 азаматты әскери борышын өтеуге аттандырмақ. Осы орайда елді мекендерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында қолдау көрсетіп, әрдайым атсалысып жүретін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен орынбасарларының рәтті еңбегін атап өткен орынды деп ойлаймын.
Ғасырлар бойы біздің халқымызда "Отан қорғаушы" деген сөз адамгершілік мағынасы мен қасиетті ұғымға ие. Отан қорғаушылар әрқашан патриотизм мен өз халқына адал қызмет етудің, ар-намыс пен ерліктің, батырлық пен батылдықтың көрінісі іспетті. Бүгінгі жастар – ұлы даланың сенімді қорғаны. Сол бейбітшілікке қызмет етіп, өз елін, халқын қорғауды мұрат еткен жастар қатарының артуына аудан тұрғындары да өз үлестерін қосса екен деймін.
Жақсыбай ЖҰҚАБАЕВ,
Арал әскери зейнеткерлер төрағасы
26 сәуір 2021 ж. 3 592 2

Маулен от 26 сәуір 2021 21:33
әскерде қызмет ету - әр адамның қасиетті борышы

Маулен от 26 сәуір 2021 21:34
тамаша қызмет!