Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Босаға майлау" дәстүрі

"Босаға майлау" дәстүрі

Қазақ қашанда қуанышты бөліссең көбейеді деп кәдесін жасап отырған халық. Біреу жаңа үйге көшіп келіп жатқан болса, туыстары «шаңырағың жайлы, босағаң майлы болсын» деп босаға мен табалдырыққа май жағады. Мұның бәрі үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деп ниетпен жасалады.
Бұл ұмытылып бара жатқан дәстүр туралы айтуымыздың себебі, жақында желіде жаңа қонысқа қоныстанған отбасының босағасын майлап жатқан әжейдің бейнеролигіне пікір қалдырған жастар жағы: «киімізге тиіп кетсе, кетіп болмайды ғой», «мұндайды алғаш рет көруім», «жасап жатқаныңызды түсіндіре аласыз ба?» деп сұрақтарын қойып жатты.
Иә, қазақ халқы ертеден даналығымен ғана емес, салт-дәстүрі, ырым-тыйымымен де жақсы танылған. Оның ішінде ұмытылғаны да бар, қайтадан жаңғырғаны да қаншама. Сондай көне салттардың бірі – босаға майлау.  Босаға майлау – қазақтың «үйге құт шақыру» деген ниетпен жасалатын ғұрып. Бұл салт арқылы ата-бабаларымыз береке мен татулықтың сырттан емес, ниет пен бірліктен басталатынын ұқтырған. Дәстүр бойынша, жаңа үйге алғаш құтты болсын айта келген, жасы үлкен, елге сыйлы әйел немесе ер адам босағаны майлайды. Ол көбіне сары майды саусағымен алып, есіктің екі жақ босағасына немесе табалдырық маңына жағады. Көп май жағу міндет емес. Мұндағы негізгі мән – ниет пен тілек. Май – қазақ ұғымында молшылықтың, тоқшылықтың, кеңшіліктің белгісі болып табылады.
Бірде жаңадан үй салып, алғаш қоныстанып жатқан баласының босағасына май жаққан өз апайымнан сұрағанымда:
– Осы шаңырақ берекелі, сары майдай жұғымды, жолаушылар ат басын тірейтін, елдің қызық-қуанышын бөлісетін көптің үйі болсын деген ырым ғой. Бұрыннан жалғасып келе жатқан дүние, – деген еді.
Босаға май жағу ырымы – жақсылықтың нышаны. «Босағаң майлы болсын» деген тілек те осы ұғымнан туған. Босаға майлау кезінде әдетте шынайы көңілмен жақсы сөздер айтылып, бата беріледі. Ал үй иелері бұл рәсімді жасаған адамға кәде ұсынып, алғысын білдіреді. Бұл да қазақы қарым-қатынастың бір көрінісі. Себебі, кәде – салттың ажырамас бөлігі, ол құрмет пен алғыстың белгісі саналған.
Босағаны құрмет тұтамыз, өйткені босаға – үйдің киесі, шаңырақ пен табалдырықты жалғап тұрған қасиетті шекара. Сондықтан босағаға қатысты ырымдар мен тыйымдарға ерекше мән берілген. «Босаға керілме», «үйге қарай жүгірме», «қайтып келер есігіңді қатты жаппа» деген секілді мән-мағынасы зор тыйымдардың айтылуы осы босағамызға деген құрметіміз. Және жаңа түскен келіннің босаға аттауы, үлкендерге сәлем салуы да осы босағаны биік көруімізбен байланысты.
Бір жан шаңырақ көтеріп, қанатын кеңге жайса, қуанышын бөлісуге асығатын қазақ емеспіз бе? Жаңа үйдің іші майдай жұғымды, берекелі, адам мен қонақ үзілмейтін құтты мекен болсын деп ниеттеніп келген жандар да бұл кәденің жалғасын тауып жатқанына  қуанары сөзсіз.
Қорыта айтқанда, қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Сондай дәстүрдің бірі болып саналатын босаға майлау кәдесі – салттың ажырамас бөлігі, ол құрмет пен алғыстың белгісі саналған. Сол себепті бұл кәдені ата-баба жолын құрметтеуді білдіретін үлкен тәрбиелік мәні бар кәде деп білгеніміз абзал.
К.ӨТЕПБЕРГЕН
29 қыркүйек 2026 ж. 47 0