Ақшаң көбейсін десең...
Қазіргі таңда ақша табу ғана емес, оны дұрыс жұмсап, жоспарлап, жинай білу де маңызды. Күнделікті қажеттіліктер, күтпеген шығындар мен түрлі ұсыныстар адамның қаржылық шешімдеріне тікелей әсер етеді. Сондықтан қаржылық сауаттылық – әр адамға қажет өмірлік дағдылардың бірі.Қаржылық сауаттылық дегеніміз – өз кірісі мен шығынын есептей білу, қаражатты жоспарлау, несие мен қарыздың шарттарын түсіну, жинақ қалыптастыру және қаржылық тәуекелдерден сақтану. Бұл үшін міндетті түрде көп ақша табу қажет емес. Ең бастысы қолдағы қаражатты дұрыс басқару.
Ақша жинаудың алғашқы қадамы – ай сайынғы кіріс пен шығынды жазып отыру қажет. Азық–түлік, жол ақысы, ай сайынғы төлемдер, киім– кешек тағы басқада қажеттіліктерге қанша жұмсалатынын біліп, есептеп жүрген жөн. Осы арқылы біз өз шығындарымыздың қайда кетіп жатқанын және есебін біліп отырамыз. Әр адам кірісі мен шығынының есебін білу керек.
Мысалы, мамандар бізге табысымыздың кейде алдымен жинаққа бөліп қойған тиімді дейді. Ай сайынғы кірістің 10 пайызын депозитке аударып отыруға болады. Егер 10 пайыз қиын болса 5 пайыздан бастап салсаңыз болады, кейіннен бірте–бірте көбейткен дұрыс. Ең бастысы сомманың көлемінде емес, үздіксіз жиналғанына мән беру керек.
Ақша жинаудың мақсаты да нақты болғаны жөн. «Ақша жинауым керек» деген жалпы мақсаттан гөрі «алты ай ішінде төтенше жағдайға арналған қор қалыптастырамын» немесе «бір жылдан кейін оқуым үшін қажетті қаражат жинаймын» деген нақты мақсат адамды тәртіпке үйретеді.
Қаржылық қауіпсіздік үшін күтпеген жағдайларға арналған қордың болғаны да маңызды. Жұмыстан айырылу, денсаулыққа байланысты шығындар немесе басқа да жоспардан тыс жағдайлар кез келген адамның басында болуы мүмкін. Сондықтан біртіндеп бірнеше айлық негізгі шығынды жабуға жететін қаржы қорын қалыптастыру пайдалы.
Сонымен қатар несие мәселесіне де жауапкершілікпен қарау керек. Қарыз алар алдында ай сайынғы төлемнің отбасы бюджетіне қаншалықты салмақ түсіретінін есептеген жөн. Несие шартындағы пайыздық мөлшерлеме, жалпы артық төлем, комиссиялар мен басқа да талаптарды мұқият оқып шығу қажет. «Қазір ала салайын, кейін төлеймін» деген ой кей жағдайда қаржылық қиындыққа әкелуі мүмкін.
Ақшаны жинау – өзіңді шектеу деген сөз емес. Керісінше, қаржыны дұрыс жоспарлау адамға болашаққа сенімді қарауға мүмкіндік береді. Күнделікті ұсақ шығындарды бақылау, қажетсіз сатып алудан бас тарту және әр кірістен аз да болса жинақ жасап отыру уақыт өте келе жақсы нәтижеге жеткізеді.
Қаржылық сауаттылық бір күнде қалыптаспайды. Ол – күн сайынғы дұрыс әдеттердің нәтижесі. Өз қаржысын басқара білген адам күтпеген жағдайларға дайын болып, алдына қойған мақсатына біртіндеп қол жеткізе алады. Сондықтан ақшаға жауапкершілікпен қарау – бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі өмірдің де тұрақтылығына жасалған маңызды қадам.
Ақниет ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ










