МӘМС жүйесі жоғары технологиялық кардиологиялық көмекке қолжетімділікті қалай қамтамасыз етеді?
Кеуде тұсындағы ауырсыну мен жайсыздықты адам әрдайым жүрекке қатысты алаңдатарлық белгі ретінде қабылдай бермейді. Көп жағдайда мұндай белгілерді асқазанның ауруларына, шаршаумен немесе күйзеліспен байланыстырады. Алайда жүрек аурулары кезінде уақытты жоғалту ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан тән белгілер пайда болған жағдайда медициналық көмекке мүмкіндігінше тез жүгіну маңызды.
Аманжол Шалабаевтың оқиғасы - дәрігерге дер кезінде қаралып, емдеу әдісінің дұрыс таңдалуы қаншалықты маңызды екенін көрсететін мысал.
Науқастың кеуде тұсы ауырған. Бастапқыда ол мұны асқазан ауруымен байланысты деп ойлаған. Алайда көп бейінді облыстық ауруханаға өз бетінше баруды жөн көрді. Электрокардиография жасалғаннан кейін дәрігерлер пациентті шұғыл түрде ауруханаға жатқызды. Тексеру нәтижесінде миокард инфаркті анықталды.
Мамандар коронарлық артериялардың жағдайын бағалап, тамырдың тарылған бөлігін анықтау үшін коронарография жүргізді. Содан кейін қан ағымын қалыпқа келтіру үшін стент орнатылды.
«Кеуде тұсым ауырды, бастапқыда асқазанға байланысты шығар деп ойладым. Сондықтан бірден мән бере қоймадым. Бірақ облыстық ауруханаға жүгінуді шештім. Мұнда ЭКГ түсіріп, тексеруден кейін шұғыл түрде ауруханаға жатқызды. Ота жасалды. Қазір денсаулығым әлдеқайда жақсы. Көмек көрсеткен барлық медицина қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Менің ойымша, МӘМС жүйесі қазақстандықтарға қажет. Салауаттықоғам — ең алдымен, әлеуметтік қорғаудыңжоғары деңгейінің көрсеткіші», - дейді Аманжол Шалабаев.
Кардиолог Перизат Тұңғышбаеваның айтуынша, жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының қатарында артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфаркті және жүрек ырғағының бұзылуы жиі кездеседі.
Қазіргі кардиологияда мұндай ауруларды диагностикалау мен емдеудің кең мүмкіндіктері бар. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда сақтандырылған азаматтар қосымша ақы төлемей, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті МӘМС аясында ала алады.
«Бүгінде коронарографияның құны шамамен 1,7 млн теңгені құрайды. Электрокардиостимуляторлар мен кардиовертер-дефибрилляторларды имплантациялау - 9,5 млн теңге тұрады. «Сақтандырылған» мәртебесі бар пациенттерге медициналық көрсетілімдер болған жағдайда мұндай медициналық қызметтер МӘМС аясында көрсетіледі», - дейді Перизат Тұңғышбаева.
Дәрігердің айтуынша, бұл ретте аурудың алдын алудың маңызы зор. Медициналық тексерулерден тұрақты өту, қан қысымын, холестерин мен қандағы қант деңгейін бақылау, сондай-ақ мамандарға дер кезінде жүгіну ауруларды ерте кезеңде анықтауға және асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
2026 жылдан бастап артериялық гипертензия мен жүректің ишемиялық ауруын анықтауға арналған скринингтік зерттеулер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында жүргізіледі.
Сонымен қатар жедел миокард инфаркті алғашқы алты ай ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесіне енгізілген. Осы аурулар бойынша медициналық көмек ТМККК аясында көрсетіледі.











