Медицина қызметкерлері мемлекет басшысының жолдауын талқылады
Арал аудандық емханасында медицина қызметкерлерінің қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын талқылауға арналған кездесу өтті.Кездесуде Жолдауда белгіленген басым бағыттар, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жаңғырту және медицина мамандарын қолдау мәселелері сөз болды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында өңірлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға ерекше назар аударды. Атап айтқанда, өңірлерде жаңа медициналық нысандар салу, алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін жетілдіру және жалпы практика дәрігерлерінің мүмкіндіктерін кеңейту міндеттері айқындалды. Бұл бастамалар тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне жол ашып, сала жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жиында «Аудандық аурухана» бастауыш партия ұйымының төрағасы Жасұлан Мамбетов сөз сөйлеп, Жолдаудағы міндеттердің медицина саласы үшін маңыздылығына тоқталды.Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласын дамыту тек медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтумен шектелмейді. Сонымен қатар білікті мамандарды қолдау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын тұрақты түрде жетілдіру маңызды.
«Халықтың денсаулығын сақтау – баршамызға ортақ міндет. Медицина қызметкерлері күнделікті жұмысында осы жауапкершілікті терең сезініп, әрбір тұрғынға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге күш салады. Мемлекет басшысының Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты белгіленген міндеттер осы бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сондықтан Жолдаудағы басымдықтарды түсініп, оларды жүзеге асыруға өз үлесімізді қосуымыз қажет», – деді Жасұлан Мамбетов.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері де өзара пікір алмасып, саладағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттерді талқылады. Қатысушылар денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруде кәсіби жауапкершіліктің, өзара ынтымақтастықтың және халыққа сапалы қызмет көрсетудің маңызын атап өтті.









