Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АИТВ деген не?

АИТВ деген не?

АИТВ – Адамның Иммун тапшылығының Вирусы. Бұл вирус адам ағзасындағы қорғаныш қызметін атқаратын иммундық жүйені зақымдайды. Вирус ағзаға түскеннен кейін адам өзін бірнеше жыл сау сезінуі мүмкін. Егер адам дер кезінде ем қабылдамаса, АИТВ-ның соңғы сатысы – ЖИТС дамиды.

Бұрын АИТВ-ны «ғасыр дерті, емделмейтін дерт» деп атаса, қазір медицина дамыды. Қазіргі таңда АИТВ – созылмалы аурулар қатарына жатады. Мысалы, қант диабеті сияқты. Арнайы терапияның арқасында АИТВ-мен өмір сүретін адам қатардағы адамдардай ұзақ өмір сүреді.

АИТВ қалай жұғады және қалай жұқпайды?
Вирустың тек үш жұғу жолы бар екенін әркім білуі тиіс:

1. Қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы.
2. Қан арқылы – ортақ ине, шприц, ұстара, маникюр және татуаж құралдары арқылы.
3. Вирус жұққан анадан балаға.

Ал тұрмыстық жолмен АИТВ жұқпайды! Қол алысу, құшақтасу, бірге тамақтану, бір сыныпта оқу, бассейнге бірге түсу, жөтелу және масаның шағуы арқылы вирус жұқпайды. Сондықтан АИТВ жұққан адамнан қашудың, оны кемсітудің қажеті жоқ. Оған керісінше, моральдық қолдау қажет.

Біздің міндетіміз не?
1. Салауатты өмір салтын ұстану.
2. Жеке бас гигиенасын қатаң сақтау.
3. Күмәнді, бейтаныс сұлулық салондары мен татуаж жасайтын орындардан аулақ болу.
4. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау.

Қазақстанның кез келген қаласындағы ЖИТС-ке қарсы күрес орталығында және емханаларда АИТВ-ға тегін әрі құпия түрде тексерілуге болады.

Қорытынды: АИТВ – үкім емес. Ең үлкен қауіп – білмеу және немқұрайлылық. Ал ең мықты қорғаныс – білім мен жауапкершілік.
Зәуре АЛМАТОВА,
Кызылорда облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы
ПӘК кабинетінің инфекционист дәрігері

Фото: Нұрболат Нұржаубай
31 қазан 2026 ж. 57 0