Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұқараның бағына туған Баһадүр

Бұқараның бағына туған Баһадүр

Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қазалы ауданы Аралдың қандай да бір баянды бастамаларына, толымды тірліктеріне әркез тілеулес. «Ақұдай» деген атқа ие қос аудан тағылымды шара ұйымдастырып, ерлігі ұрпаққа мұра ұлылырын ұлықтаудан кенде емес. Оған жуырда ғана аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың бастамасымен қолға алынған Сартай батырдың 315 жылдық мерейтойына арналған тағлымы мол шара дәлел. Жағалау жұртының ғана емес күллі республиканы қамтыған келелі істің әсерінен үлкен – кіші әлі арыла қойған жоқ. Маңыздысы сол күн айдынды өлке тарихында ұмытылмастай айшықталып қалды.
Иә, негізгі тақырыпқа ойыссақ. Таяуда Қазыналы Қазалы топырағында да дүбірлі той өтті. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов бастаған қазалылықтар қазақ халқының даңқты батыры, көрнекті қолбасшы Жалаңтөс Баһадүр Сейтқұлұлының 450 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға қазалылықтар ерекше кіріскен екен.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай аты аңызға айналған, «Тұран жолбарысы» атанған ғибратты ғұмыр иесінің өшпес ерлігі жан-жақты насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Санада жаңғырған шарада шадыман ел Жалаңтөс Баһадүрдің жер мен елді қорғаудағы қайсарлығына тереңірек қанықты. Әсіресе, Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде батыр туралы көрсетілген деректі фильм талайларды таңғалдырды. Елдік пен ерліктің символы бола білген Баһадүр бабамыздың тарихи мұрасына тағзым етуге алыс – жақыннан келген қонақтар көп болды. Солардың бірі ғылыми конференцияда тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев, филология ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіпов сынды ғалымдар. Сондай-ақ республикалық Жалаңтөс Баһадүр қорының президенті, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері және Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының құрметті азаматы Нәжмадин Мұсабаев ұлттың рухын көтерген ұлы тұлға жайында кеңінен сөз сабақтап, тың деректерді жиналғандар кеңінен талқылып жеткізді.
Мұнан соң жазушы Бегімбай Ұзақбаевтің «Жалаңтөс Баһадүр» атты кітабының тұсауы кесілді. Салтанатты жиында еліміздің әр өңірінен келген қонақтарға Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдық мерейтойына арналған медальі зор ілтипатпен табысталды.
Мерекелік шара «Тұранның тұлғасы Жалаңтөс» атты облыстық жыраулар фестивалына жалғасып, қазақтың қара домбырасын сөйлеткен дүлдүлдер алқалы жиынның ажарын онан әрі айшықтай түсті. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан мерекелік басқосудан ерекше әсермен тараған халық Жалаңтөс Баһадүрдей түрік әлемінің мақтанышын ұлықтаған елдің озатынын ұғынып қайтты. Баба мұрасын жаңғыртып, ерлігін паш етуге атсалысқан өнерпаздарға Қазалы ауданы әкімінің қаржылай сыйақысы үлестірілді.
А ЕЛЕШ
21 қараша 2026 ж. 32 0