Қазалыда халық батыры Ақтан Ақайұлының 255 жылдық мерейтойы атап өтілді

Ақтан батыр ауылындағы орталық алаңда өткен тарихи шараны аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев сөз сөйлеп ашып, жиылған жұртшылықты халық батырының мерейтойымен құттықтады.
-Қазақ тарихындағы қилы-қыстау оқиғаларды басынан кешірген қасиетті Сыр бойындағы елім деген ерлерді біріктіріп, отаршылар мен басқыншыларға қарсы күрескен Ақтан батырдың біз үшін, яғни бүгінгі ұрпақ үшін орны ерекше, бірегей тұлға. Ақтан Ақайұлының Қыр мен Сыр еліне Хиуа, Қоқан хандығының шапқыншылығына, озбырлығына, орыс патшалығының отарлау саясатына қарсы қол бастап күрескен атақты қолбасшы Нұрмұхаммедұлы Жанқожаның сенімді серігі, бас батыры болғаны бәрімізге аян. Бүгінде Қазалы ауданындағы Ақтан батыр ауылының азаматтары, батырдың ұрпақтарының бастамасымен ерлік пен елдіктің үлгісіне айналған Ақтан батырдың 255 жылдығына орай тәлімдік-тәрбиелік мәні бар, тағылымға толы шара ұйымдастырылуда. Шара аясында өтіп жатқан танымдық конференция, спорттық жарыстар, ақындар мүшайрасы, ат бәйгесі барлығы халықтың игілігі, рухани баюы мен бір-бірімен жақын танысуы үшін жасалуда. Олай болса, батырдың есімін бүгінгі ұрпаққа дәріптеу, насихаттау мақсатында өткізіліп жатқан рухани іс-шараларыңыз баянды болсын, - деді Жалғас Оңғарұлы.
Мұнан кейін, мерейтой аясында ұйымдастырылған ақындар мүшәйрасы, спорттық шараларда жеңімпаз атанған азаматтар марапатталып, мерейтойды ұйымдастыруға атсалысқан бірқатар азаматтарға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаевтың «Алғыс хаттары» табысталды.
Шара барысында халық батырының тарихи кезеңдегі ерлік істерінен қойылымдар қойылып, жиналған жұртшылық 100 өнерпаздың қатысуымен ұйымдастырылған «Батырлар биін» тамашалап, батырдың өмір жолына байланысты шығарылған өлең-жырларға қанық болды.
Тағылымды шара барысында Ақтөбе облысынан, Қызылорда қаласынан және басқа да өңірлерден келген қонақтар, батырдың ұрпақтары сөз сөйлеп, Ақтан батырдың ерлік істерін айтып, батырдың 255 жылдық мерейтойын кең көлемде ұйымдастыруға атсалысып жатқан азаматтарға алғыстарын жеткізді.


