Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗАЛЫҚ – ТӘРТІПТЕН БАСТАЛАДЫ

ТАЗАЛЫҚ – ТӘРТІПТЕН БАСТАЛАДЫ


Қоғамның мәдениеті мен өркениеттілігінің бір көрінісі – қоршаған ортаның тазалығы. Көшелердің, саябақтардың, аялдамалардың, тұрғын үйлердің аулалары мен өзге де ортақ пайдаланылатын орындардың таза болуы сол өңірде өмір сүретін азаматтардың мәдениеті мен жауапкершілігін айқындайды.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда тазалық мәселесіне немқұрайлы қарайтын азаматтар әлі де кездеседі. Олай дейтініміз, сот тәжірибесінде қаралатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің едәуір бөлігін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 434-2-бабында көзделген ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты құқық бұзушылықтар құрайды.
Мәселен, аудандық сотта жыл басынан бері 1097 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралса, оның 326-сы ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты болған (бұл барлық қаралған істердің 29,7 пайызын құрайды).
Аталған құқық бұзушылықтар коммуналдық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастау, темекі тұқылдарын, тұрмыстық қоқыстарды және өзге де қалдықтарды қоғамдық орындарда қалдыру салдарынан орын алады.
Заңнамада мұндай әрекеттер үшін азаматтарға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не қырық сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі әкімшілік жаза көзделген. Ал осы құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не сексен сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған.
Әрине, заң талаптарын бұзған тұлғаларды жауаптылыққа тарту – заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі. Дегенмен, мәселенің түпкілікті шешімі тек айыппұл салумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – әрбір азаматтың бойында тазалыққа деген құрмет пен қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қалыптастыру.
Бір өкініштісі, әкімшілік жауаптылыққа тартылып жатқан азаматтардың арасында жастарға үлгі көрсетіп, бағыт-бағдар беруге тиіс үлкен буын өкілдерінің де кездесетіні. Жасы үлкен адамның қоғамдық орында қоқыс тастауы немесе белгіленбеген жерге қалдық шығаруы – тек заң бұзушылық қана емес, өскелең ұрпаққа берілетін теріс үлгі. Себебі тәрбие сөзбен ғана емес, күнделікті іс-әрекетпен де беріледі.
Біз таза әрі жайлы ортада өмір сүргіміз келсе, сол ортаның тазалығына өзіміз де үлес қосуымыз қажет. Өйткені қоршаған ортаны қорғау – тек коммуналдық қызметтер мен мемлекеттік органдардың міндеті емес, ол – баршаға ортақ азаматтық борыш.
Сондықтан қоғамдық тәртіп айыппұлдан қорқудан емес, азаматтық жауапкершіліктен басталуы керек. Себебі таза қала – таза сана мен ортақ жауапкершіліктің нәтижесі.

Руслан Алдамбергенов,
Арал аудандық сотының төрағасы.
27 қараша 2026 ж. 40 0