Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүгенсіз жүргізушілер жазасыз қалмайды

Жүгенсіз жүргізушілер жазасыз қалмайды

Жүргізушілердің арасындағы ең көп таралған әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі – көлікті мас күйінде жүргізу екендігі бәрімізге мәлім. Бұл әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің ішіндегі адам өміріне аса қауіп тудыратын құқық бұзушылықтар болып табылады.
Қазіргі бәсеке мен нарық заманында көліктің бір үйдің асыраушысы екендігі, шаруамыздың осы көлік құралынсыз бітпейтіндігі барлығымызға аян. Соны біле тұра, ішімдік ішіп алып көлік жүргізіп, одан көлік жүргізетін құжаттан айырылып, бірнеше жыл бойы көлік жүргізе алмай, істеп жүрген жұмысынан айырылып, ол кінәні өзінен көрмей, біреуден кінә іздеп сергелдеңге түсіп жүретіні түсініксіз.
Олай дейтініміз, бүгінде мас күйінде көлік жүргізген жүргізуші үшін тағайындалатын жаза қаншалықты қатал болса да, қазір ішімдік ішіп алып көлік жүргізушілер саны азаймай отыр.
Мысалы, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беруіне жауаптылық көзделген Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабымен Арал аудандық сотында жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарған тұлғаларға қатысты 42 әкімшілік іс қаралған.
Жол жүру ережесін өрескел бұзған жүргізушілердің кінәсі медициналық куәландырудың қорытындысымен расталып, соның нәтижесінде оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылған. Сотпен аталған жүргізушілерге қатысты әкімшілік істер қаралып, ӘҚБтК-нің 608-бабында көзделген құқық бұзушылық құрамының белгілеріне қарай әкімшілік жауаптылық түрлері белгіленген.
Көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін әкімшілік қамау, яғни уақытша бас бостандығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза қолданылатынына қарамастан, жүргізу құқығынан айырылған адамдардың осы жағдайға жеңілтектікпен қарауы кісіні таңғалдырады.
Мас күйінде көлік құралын жүргізу өкінішті жағдайға әкелуі мүмкін екенін естен шығармағанымыз абзал.

Т.Тлеубаева,
Арал аудандық сотының бас маманы
23 маусым 2020 ж. 598 0