Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлікті мас күйінде жүргізушілер қатары азаяр емес

Көлікті мас күйінде жүргізушілер қатары азаяр емес

Жүргізушілердің арасындағы ең көп таралған әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі көлікті мас күйінде жүргізу екендігі бәрімізге мәлім. Бұл әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің ішіндегі адам өміріне аса қауіп тудыратын құқық бұзушылықтар болып табылады.
Қазіргі бәсеке мен нарық заманында көліктің бір үйдің асыраушысы екендігі, шаруамыздың осы көлік құралынсыз бітпейтіндігі барлығымызға аян. Соны біле тұра ішімдік ішіп алып көлік жүргізіп, одан көлік жүргізетін құжаттан айырылып, бірнеше жыл бойы көлік жүргізе алмай, не істеп жүрген жұмысынан айырылып, ол кінәні өзінен көрмей, біреуден кінә іздеп сергелдеңге түсіп жүретіні түсініксіз.
Олай дейтініміз, бүгінде мас күйінде көлік жүргізген жүргізуші үшін тағайындалатын жаза қаншалықты қатал болса да, қазір ішімдік ішіп алып көлік жүргізушілер саны азаймай отыр.
Мысалы, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беруіне жауаптылық көзделген Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабымен Арал аудандық сотында жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарған тұлғаларға қатысты 21 әкімшілік іс қаралған.
Жол жүру ережесін өрескел бұзған жүргізушілердің кінәсі медициналық куәләндырудың қорытындысымен расталып, соның нәтижесінде оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылған. Сотпен аталған жүргізушілерге қатысты әкімшілік істер қаралып, ӘҚБтК-нің 608-бабында көзделген құқық бұзушылық құрамының белгілеріне қарай әкімшілік жауаптылық түрлері белгіленген. Оның ішінде, 4 тұлғаға қатысты әкімшілік қамаққа алу жазасы, ал қалған 17 тұлға 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімдерге көлік құралын басқару құқықтарынан айырылған.
Осыншама адамға сот көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындағанда екі мақсатты көздейді, біріншісі сол әкімшілік құқық бұзушыға енді ондай теріс әрекетке бармасын деп тағайындалған мәжбүрлеу шарасы болса, екіншісі басқа адамдар осыдан сабақ алсын деген профилактикалық іс шара. Бірақ бұдан, ішімдік ішіп көлік басқаратындардың кейбірінің сабақ алатыны көрінбейді.
Мысалы, құқық бұзушы Т. есімді азамат Арал аудандық сотының 23.07.2014 жылғы қаулысымен көлікті масаң күйде басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Алайда, бұдан еш нәтиже шығармастан, көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде, яғни 18 қаңтар 2018 жылы осы әрекетін қайталап жасаған.
Сот қаулысымен оған, Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды.
Көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін әкімшілік қамау, яғни, уақытша бас бостандығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза қолданылатынына қарамастан, жүргізу құқығынан айрылған адамдардың осы жағдайға жеңілтектікпен қарауы кісіні таң қалдырады.
Мас күйінде көлік құралын жүргізу өкінішті жағдайға әкелуі мүмкін екенін естен шығармағанымыз абзал.
Арал аудандық сотының бас маманы,
Заңгерлер Одағының мүшесі Т.Тлеубаева.
17 сәуір 2018 ж. 2 394 0