"10 жылға қамалады": Қазақстанда жүргізушілердің жазасы күшейтіледі

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, бүгінде көлік жүргізушісі мас болсын, сау болсын, адамды қағып өлтіргені үшін жаза бірдей, ары кетсе, бес-ақ жыл.
Оның сөзіне қарағанда, осы санаттағы қылмыстар бойынша тараптардың қайта татуласуына тыйым салынады."Енді, мас күйінде осындай қылмыс жасаған адам 10 жылға бас бостандығынан, сондай-ақ, өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылады. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде мас күйінде көлік айдағаны үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау мерзімі ұзартылып, көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімі 8 жылға ұлғаймақ", - деді Ахметжанов мәжілістің пленарлы отырысында.
Айта кетейік, өзгерістердің бәрі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында көрсетілген.
Бүгін мәжіліс депутаттары осы құжатты бірінші оқылымда қарады.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлікті ішімдік ішіп алып жүргізетіндерге қатысты жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.