Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ШҚО-да серпіндіктерге арналған оқу гранттарының саны артады

ШҚО-да серпіндіктерге арналған оқу гранттарының саны артады

 Облыстың жоғары және арнайы орта оқу орындары алдағы оқу жылында «Серпін» бағдарламасы аясында 1500 оқу грантын бөлмек.

«Серпін» бағдарламасы аясында 2018-2019 оқу жылында Шығыс Қазақстан облысының жоғары оқу орындарына 622 адам гранттық негізде оқуға мүмкіндік алды. Олардың 151-і – Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ға, 207-сі – С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ға, 108-і – Қазақ Гуманитарлық Заң инновациялық университетіне, 156-сы – Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Сондай-ақ, 210 грант кәсіби-техникалық білім беру саласына бағытталды. Алдағы, яғни 2019-2020 оқу жылына жоғары және орта-арнайы білім беру ордаларында 1500 гранттық орын қарастырылып отыр», - деді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев.
Басқарма басшысының айтуынша, өзге өңірлерден білім алуға келген студенттерге баспана жалдауға айына 12 625 теңге қарастырылған, ал колледжде білім алатын студенттер үшін 16 759 теңге мөлшерінде шәкіртақы тағайындалады.
«Бұдан бөлек, 3725 адам аспаз, есепші, ветеринар, электрші және тағы басқа жұмысшы мамандықтарын жұмыспен қамту орталықтары арқылы ала алады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 680 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Оған қосымша 1730 студенттің «Математика-физика», «Дене шынықтыру және спорт», «Ағылшын тілі» мамандықтарын меңгеруі үшін бюджеттен 516 млн теңге қаражат бөлу көзделген», - деп қосты Ерболат Ошақбаев.
Қоса кетсек, бүгінгі таңда облыстың 10 колледжінде аталған бағдарлама бойынша 506 студент оқып жатыр. Өткен оқу жылының соңында түлеп ұшқан 146 студенттің 37-сі Шығыс өңірінде, 58-і өзге облыстарда жұмысқа орналастырылса, 27-сі білімдерін жоғары оқу орындарында жалғастырды. 24 түлек еліміздің Қарулы Күштерінің қатарына шақырылған.
https://baq.kz
26 мамыр 2019 ж. 785 0