Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Неге іздемейді": Алматыда "Тойота Прадо" көліктері жаппай ұрланып жатыр

"Неге іздемейді": Алматыда "Тойота Прадо" көліктері жаппай ұрланып жатыр

Алматыда «Тойота Прадо» маркалы көліктер бірінен соң бірі ұрлануда. Иелерінің сөзінше, ұрланған көліктерді көрші елдерге алып кеткен болуы мүмкін. Ендігі олар ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан көмек сұрауда.

Қуат Мәдениетхан түнде көлігін тұраққа қойып, таңертең таппай қалған. Полиция сылбыр қимылдап жатыр деп ренішін жеткізген азамат көшедегі бақылау камераларындағы жазбадан көлігінің Алматыдан санаулы минуттарда шығып кеткенін көріпті, деп хабарлайды 
«Бәрі қымбат джиптар. Қайда кетіп жатыр? Біз салық төлейміз, міндетті түрде айыппұл төлейміз. Ал көлік жоғалса олар неге іздемейді?» - дейді Қуат Мәдениетхан. 
Жаяу қалған Қуат көлігін 3 ай бұрын 9 миллион теңгеге сатып алыпты. Дәл сондай қаржыға «Прадо» алып, бір аптаның ішінде ұрлатып алғандардың ішінде Нұрдәулет Айтақынов та бар. Оның көлігін тура есігінің алдынан айдап кеткен. Тіпті, дабыл ойнағанда көшеге жүгіріп шыққан азамат ұрылардың көз алдында қашып кеткенін айтады. Әккі ұрылардың әрекеті ауладағы бақылау камерасына да түсіп қалыпты. Есесіне оңтүстікке бет алған жол бойындағы бірде бір камера істемейді екен.
«Бекеттердің бәрін алып тастаған. Қордайдың өзінде кіреберісіндегі камералар істемейді. Мұның бәрі ашық қылмысқа жол ашу ғой», - дейді Нұрдәулет Айтақынов.
Ашынған көлік иелері полцияның жедел қимылы мен із кесу шеберлігінен ғана үмітті. 
Ал қалалық полиция департаменті жоғалған көліктер ісін қатаң бақылауға алып, іздеу шараларына белсене кіріскен. Тәртіп сақшыларының сөзінше, ұрылар көлікті арнайы құралдың көмегімен ашып, айдап кеткен болуы мүмкін. 
«Із кесушілердің мәліметіне сүйенсек, сезіктілердің ізіне түскен көрінеді. Бұл қылмыстардың беті міндетті түрде ашылып, көліктер иелеріне қайтарылады деген болжамымыз бар», - дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 
Жыл басынан бері Алматыда 118 көлік ұрланып, соның 100-і табылып, иесіне қайтарылған. Полиция жүргізушілерге барынша сақ болуға, көлікті күзеті бар тұраққа қоюға кеңес береді.
http://stan.kz
31 мамыр 2019 ж. 751 0