Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Сүйреп алып кетуге де жарамайды": Алматылық тұрғын ақылы автотұрақтағы көлігін көріп төбесінен жай түскендей болған

"Сүйреп алып кетуге де жарамайды": Алматылық тұрғын ақылы автотұрақтағы көлігін көріп төбесінен жай түскендей болған

Алматы тұрғыны автокөлігін ақылы автотұрақтан екі жылдан бері ала алмай жүр. Жүргізуші айыппұлды төлеп келгенше автокөлігінің біраз бөлшектері ауыстырылып, кейбірі мүлдем жоғалған. Енді өтемақыны кімнен дауларын білмей дал.

Ақылы автотұрақтан көлігін алуға келген Нұрбол оның күйін көріп, төбесінен жай түскендей болғанын айтады. 2 жыл бұрын жол сақшылары көлігінің бір шамы жанбағаны үшін тоқтатыпты. Артынша жүргізуші куәлігінен айрылғанын анықтап, темір тұлпарын ақылы тұраққа тоғытқан. Үш айдан соң өзі айдап келген көлігін, сүйреп алып кетуге де жарамай қалғанын аңғарады. Ол аздай жүк салығышында болған біраз құрылыс материалдары да қолды болған. Енді иесі шығындарын есептеумен әлек,
«Шығын 2 миллионнан асып кетеді-ау. Өйткені құрастырылымы ағылшындық, бөлшектері тапсырыспен келеді. Өзім қанша айдап жүрмін, қанша бөлшегін ауыстырғанмын, жапондық көліктердікі келмейді. Олардікі бөлек», - дейді көлік иесі Нұрбол Мырзабаев.
Нұрбол шу шығарған соң автотұрақ қызметкерлері барлығын қалпына келтіріп беруге уәде беріпті. Алайда екі жыл бойы күткен көлігі жасалудың орнына шіруге айналғанына налиды. 
Ал Нұрболдың көлігін тонаған ұрылар іштен келді ме, жоқ сырттан келді ме, ол жағы әзірге белгісіз. Ақылы автотұрақтағы ұрлық мәселесін шешу қалалық әкімдік үшін 415 миллион теңгеге түскен. Бұл қаржыға 2,5 мың көлік сиятын автотұрақ салынған. Бұл жердегі қауіпсіздікті күзетшілермен бірге 56 камера бақылайтын болады. 
Автотұрақ қызметкерлерінен қайыр болмағандықтан, жәбірленуші полицияға шағым түсірген. Қазір полицейлер тергеу амалдарын қолға алыпты. 
«Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, осы қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында жедел іздестіру шаралары жүргізілу үстінде. Осы қылмысқа қатысы бар азаматтар міндетті түрде анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады», - дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Жүргізушілер қауымынан шағым көбейгендіктен, қалалық әкімдік заманауи автотұрақтар салып берді. Ал осыған дейін қанша жүргізушінің көлігі тоналғанын енді құзырлы органдар анықтайтын болады.

http://stan.kz 

30 мамыр 2019 ж. 596 0