Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамбаш көлі – туризмнің төрі

Қамбаш көлі – туризмнің төрі

Мен айтар едім, қазір кеңдік болғаннан кейін біз жер шарын шарғып, демалысқа анда барамыз, мұнда барамыз. Бір қазақтан сұрап көрсек, «Сен осы Қазақстанның барлық жерін аралап шықтың ба?». Ондай аз. Мысалы, осы жылдардың ішінде Қазақстанның мен бармаған түкпірі жоқ деп айта аламын. Дүниедегі адамдар демалатын әдемі жерлердің бәрін де көріп шыққан адаммын. Келе жатқан ұрпаққа да, замандастарыма да айта аламын: мен қазір ешқайда барғым келмейді. Мына қазір Бурабайда отырмыз. Мұндай керемет жерді осы күнде көрмейсің.     
Нұрсұлтан Назарбаев
Әлемде дамыған елдердің көбісі туризмге ерекше мән береді. Өйткені, бұл сала — мемлекет үшін табыс көзі. Өкінішке қарай, Қазақстанда көрікті жерлер мен тарихи нысандар көп болғанымен қызмет көрсету, жол мәселесі, маркетинг бір ізге қойылмаған. Оның үстіне бағалары да айтарлықтай қымбат екені жасырын емес. Аталған мәселелер өз шешімін тапса, отандастарымыз Анталия емес, Қамбашкөлге бетке алар еді…
Қамбаш көлі – Арал ауданына қарасты Қамыстыбас елді мекеніңде орналасқан. Көл Қызылорда қаласынан 400 шақырым, Қазалы ауданының орталығынан 50 шақырым, ал Арал қаласынын 60 шақырымдай жерде жатыр. Бір ерекшелігі жағажай Батыс Еуропа Батыс Қытай халықаралық автокөлік трассасының бойында орналасқан. Сондықтан мұнда келушілердің қарасы күннен күнге артып келеді. Дəлірек айтсақ жаз айларында шамамен 60-70 мыңдай адам демалып кетеді екен. Жағажайдағы сервистік қызмет жанданса туристің саны көбеймек. 2019 жылдың жаз маусымынa қызу дайындық басталды. Жаз маусымының ашылу салтанатына орай түрлі іс-шаралар өткізіледі. Жыл сайын Қамбаш көлі жағалауында балық аулаудан ел чемпионаты, балықшылар слеті, футбол, волейболдан аудан аралық жарыстар болып өтеді.
Қамбаштың жағалауы жыл өткен сайын жаңдануда жағажайдағы жабайы көріністер біртіндеп жойылып жатыр. Жеке кəсіпкерлер демалушылар үшін тынығу орындарын, үйлер көптеп салуда. Сонымен қатар, киіз үйлер тігілген.
«Қамбаш көлі – Сыр өңірінің мақтануға тұрарлық демалыс орны. Суы мөлдір әрі емдік қасиеті мол. Жазғы маусымдағы демалыс күндерін өткізуге ең қолайлы орын болып саналады. Ғалымдар Қамбаштың Арал теңізінен 2000 жыл бұрын пайда болғанын айтады. Көлдің арқасында күн көріс қамын жасап жүрген жергілікті тұрғындар өте көп. Біреулер балық аулайды. Су тұзды болған соң, су маржанының дәмі де керемет. Балықтан түрлі тағамдар әзірленіп, келушілерге ұсынылып жатады. Соның арқасында қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы», – дейді «Қамыстыбас» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Алдаберген Исаев.
2015 жылы аудан әкімдігінің қаулысымен демалыс аймағына берілген 494 гектар жер телімі «Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы» мемлекеттік  мекемесінен Арал ауданы «Қамыстыбас ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне табысталды.
Осы жертелімінің «Аққұмшық» жерінен аукцион арқылы Қамыстыбас селолық тұтыну кооперативіне заңдылығына сай 2 гектар жер учаскесі 2 жыл мерзімге жалға берілді. Қазіргі таңда кәсіпкерлер демалыс аймағына 80-ге жуық нысан салса, жеке кәсіпкерлер 30 млн теңгеден аса инвестиция салып отыр. Құрылыс жұмыстарына 350-ден астам жергілікті жұмысшылар тартылса, 150-ден астам адам маусымдық жұмыспен қамтылып отыр. Жалпы, жазғы демалыс маусымында демалыс аймағына 70 мыңнан астам демалушылар келіп тынықса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 35-40%-ға көбейеді деп күтілуде. Соған сәйкес, жағалау күн өткен сайын жанданып келеді.
Бүгінгі күні көл жағалауында картер, үрлемелі қайық, катамаран, гидроцикл сынды жүзу құрылғылары тынығушыларға қызмет көрсетуде. Олардың бағалары 2 мың теңгеден басталады. Қазіргі таңда заманауи үлгідегі волейбол, футбол алаңдары жəне теңізпорттары салынған.
Жалпы бүгінде жағажай бизнесімен айналысам деген кəсіпкерлерге жағдай толық жасалған. Қамбаш жағалауын абаттандыру жəне инфрақұрылымын дамыту үшін жергілікті билік қаражат бөліп қажетті жұмыстарды жүзеге асырған. Үлкен пансионата  бой көтерген. Тек көңілге қаяу түсіретіні жағалаудың тазалығы. Демалушылардың көбісі қоқыстарын тастап кете береді. Ал, оны тазалайтын не қадағалайтын жеке кəсіпорын, арнайы бекітілген жұмысшыда жоқ. Жағажайдан тек төтенше жағдай өкілдерін көре аласыз. Жаздың ыстық күндері демалысынызды керемет əрі тиімді қаражат жұмсап өткізгініз келсе сізді Қамбаш көлі құшақ жая қарсы алмақ. Айта кетейік, мұндағы көл суының емдік қасиеті де бар көрінеді.
«Демалуға келетіндердің ішінде туристер өте көп. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Шетел азаматтары көлімізді мақтап жатыр. Біз де өз кезегімізде оларға сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Ел абыройы бәрінен маңызды. Жыл сайын тұрақты түрде көлге түсуге келетіндер де бар. Дерттеріне шипа іздеп жүргендерге Қамбаш таптырмас демалыс орны болып отыр», — дейді «Қамбаш балаларды сауықтыру және қосымша блім беру» орталығы директорының орынбасары  Гүлмира Тәжеди. 
Ендеше, ел болып, халық болып, еліміздің көрікті жерлерін одан әрі көркейтіп, дамытып халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, жұмыссыздық мәселесін азайтуға, атсалысатындай етіп үйлестіру керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, әлі-ақ Қамбаш көлі, Қамыстыбас демалыс аймағы тек облыс, республика көлемінде ғана емес, әлем бойынша таныла түсетініне сенімім мол.
https://7kun.kz
05 маусым 2019 ж. 962 0