Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Назарбаев: бірде-бір мемлекет көп балалы отбасыларға осындай сыйлық жасап отырған жоқ

Назарбаев: бірде-бір мемлекет көп балалы отбасыларға осындай сыйлық жасап отырған жоқ

Наурыздың 7-сі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әйелдерді қабылдады. "Көктем шуағы" деп аталған кездесуде Назарбаев "қол жайып, үкіметтен көмек сұрай бермей, жұмыс істеу керектігін" айтты  деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі azattyq.org сайтының дерегін негізге ала отырып.
Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадағы кең залда орналасқан үстелдің төрінде отыр. Маңайында әр салада жұмыс істейтін 18 әйел жайғасқан. Кездесуде Назарбаев әдеттегідей жылы сөздер мен әзілдер айтты. Әйелдер президенттің құттықтауына қол соғып, әр айтқан әзіліне күліп отырды.
Әйелдермен кездесуде Назарбаев билік әлеуметтік көмек үшін екі триллион теңге бөлетінін, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын жақсарту үшін жұмыс жасалатынын айтты.
"Қазіргі қиын шақта әлемде бірде-бір мемлекет көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға осындай сыйлық жасап отырған жоқ. Мен мұны сеніммен айта аламын" деді ол.
Қазақстан президенті 8 наурыз қарсаңында әйелдермен кездесуді дәстүрге айналдырған. Биылғы кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев кейбір сөзін бүкіл халыққа қарата айтты.
"Көмекке мұқтаж аналар мен балаларға келесі айдан [жәрдемақы] бересіңдер деп кеше тапсырма бердім. Көмек пен қамқорлық әрдайым еселеніп, арта береді. Бірақ қазіргі нарық заманында қол жайып, үкіметтен көмек сұрауға бейімделмеуіміз керек" деді Назарбаев.
Назарбаев мерекелік жиында "бәрін үкімет береді" деп Совет кезіндегідей отыра беруге болмайтынын да айтты.
"Сол кезде (Совет одағы кезінде – ред.) бала туғаннан кейін тегін балабақшаға алады, содан кейін мектепке, оқуды бітірген соң жұмыс береді. Қазір ондай заман жоқ. Ол кезде мемлекет елдің тапқанын жинап алып, бәріне бөліп отыратын. Қазір әркім өз табысын өзі пайдаланатын кезде неше бала болатынын, оны қалай асырау керек екенін, оқуы бар - соның бәрін ойлану керек" деді президент.
2013 жылы 8 наурыз қарсаңындағы әйелдермен кездесуде Назарбаев әйелдерді көп бала табуға, елдегі демографиялық жағдайды жақсартуға шақырған. Алты жыл бұрынғы кездесуде ол "көп бала тапқан әйел – әлемдегі ең әдемі әйел" деген еді.
"Тәуелсіздік алғалы Қазақстанда 6 миллион бала дүниеге келді. Бұл – әйелдердің 6 миллион ерлігі. Көп балалы отбасылардың көбеюі үйреншікті жағдайға айналып кетті" деген Назарбаев.
Биылғы кездесуде Назарбаев ауылдарда жұмыс орындарын көбейтуді тапсырғанын айтты.
"Қалаға келеді, үйі не жұмысы жоқ. Қаланың шетіне келіп алады. Ал онда түрлі жағдай болады. Уақытша баспаналарда, саяжайларда тұрады. Әрине, күннің аязында үйді жылыту үшін пеш жағады" деді Назарбаев Астанадағы бес баланың өлімін меңзеп.
4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді. Бес баланың ата-анасы жұмысқа кеткен. Осы оқиғадан кейін елде аналар наразылығы күшейіп, Қазақстанда көп балалы отбасыларға мемлекет қамқорлығын күшейту туралы талаптар айтыла бастады.
Он баланың анасы Әсия Қадиева президенттің айтқанымен келіседі. Оның ойынша, үкіметке қол жаймау керек, бірақ тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет көмектесуі тиіс.
- Қиналғанда көп балалы отбасылар мемлекеттен көмек сұрауға құқылы. Кез келген адам көмекке мұқтаж болуы мүмкін. Көп балалы ана ретінде көмек сұрауға құқығым бар. Бұл үшін қуаныштымын. Шамам келгенше табыс табуға тырысамын. Қиын жағдайда қалғандарды "көмек сұрап жүреді" деуге болмас. Ешкім қол жайып, көмек сұрап жүргісі келмейді, - дейді 37 жастағы көп балалы ана.
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның ойынша, халық үкіметке қол жаймас үшін, билік оларға жан-жақты жағдайы жасап, құқығын қорғауы керек.
- Қазір мемлекет адамдардың өмірі үшін өзіне жауапкершілік алғысы келмейді. Әлеуметтік көмекке бөлінген ақша ештеңеге жетпей қалады. Себебі жәрдемақы өссе, азық-түлік, коммуналдық қызметтердің бағасы да қымбаттайды. Халық бұл көмекті сезбей де қалады. Жоғарыдағылар жарты жылдан кейін бәрі өз орнына келгеннен кейін халық қайта наразы боларын түсінеді, - дейді ол.
Ақпанда және наурыздың басында Қазақстанның бірнеше аймағында көп балалы аналар әкімдіктерге барып, жәрдемақы, баспана мәселесін көтерген.Олардың ішінде Назарбаевтың отставкасын талап еткендер де болған.
Ұсынған: Фариза Жомартқызы
www.qamshy.kz
08 наурыз 2019 ж. 993 0