Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ол "ерекше бала" болатын – мектеп директоры "Хан Шатырда" қаза болған қыз туралы

Ол "ерекше бала" болатын – мектеп директоры "Хан Шатырда" қаза болған қыз туралы

«Хан Шатыр» ОСО-да қаза болған 9 жасар қыз "ерекше бала" болатын. Бұл туралы қыз бала оқыған мектеп директоры Марзия Ташенова айтты,

Директордың сөзінше, ол өте тыныш және сабырлы қыз болатын. Ол бірінші сыныпқа екінші рет барған. Одан бұрын ол басқа мектепте бірінші сыныпты оқығаны белгілі болды. 9 жасар қыз көпбалалы отбасының тұңғышы болған.
«Бұл қыз бала үйінің тұңғышы болатын. Ол бізге № 52 мектептен бірінші сыныпты қайта оқу үшін келген. Шынымен де қыз бала 9 жаста еді. Ол басқа сыныпта оқуы керек болатын. Дегенмен, сіңілісімен бірге бірінші сыныпқа келді. Қыз бала біздің мектепке онлайн-тіркеу арқылы келді. Қыздың анасына қойылған «Бұндай жастағы қыз бала неге бірінші сыныпқа барады? деген бірінші сұрағымызға, анасы оның қазақша мектепке барып, ештеңе меңгермегенін және орыс тілінде қайта оқытқысы келетінін, сондай-ақ сіңілісімен бірге оған оңайырақ болатынын айтты.Бір айдан соң қыздың денсаулығында кінәрат барын түсіндік. Баланың денсаулық паспорты «тап-таза», ешқандай диагноз жоқ болды», - деді Марзия Әкімқызы.
Директордың сөзінше, қыздың анасы баласының ауруын мойындамаған, алайда дәрігерлердің қорытындысынан кейін қызының диагнозымен келісті.
«Заң бойынша, біз баланы қандай да бір тексеруге жіберуге немесе ауруы бойынша тіркеуге қоюға құқығымыз жоқ. Оқу жылы аяқталған соң, мектеп бағдарламасын меңгере алмаған балаларды тексеруге жіберуге мүмкіндігіміз бар. Баланың денсаулығында кінәрат болды, дегенмен, қыздың анасымен сынып жетекшісі қанша сөйлессе де, ол бәрі жақсы деп айтқан. Қыз бала сабақ үстінде ұйықтап қала берген. Сәуірдің соңында баланы комиссияға жібердік. Комиссия қыздың психикалық дамуында органикалық генезді тежелу бар деген қорытынды жасады»,- деді мектеп директоры.
Директордың пікірінше, ауруына қарамастан қыз балаға мектепке барған ұнаған. Бұған қоса, оған сабақ оқуға кішкентай сіңлісі жәрдемдескен.
«Қыз бала өте тыныш, көп шуламайтын еді. Оған мектепке бару қатты ұнайтын. Оның анасы баласының жақсы ұжымға келгеніне қуанышты болған. Қыз балаға лагерьге бармағаны жөн деген ұсыным айтқанда, бала жылап барғысы келетінін айтқан. Біз қорықсақ та, бұл баланы лагерьге қабылдаған едік», - деп атап өтті ол.
Марзия Әкімқызының сөзінше, балалардың ата-аналары "Хан Шатыр" ойын-сауық орталығын өздері таңдаған. Алайда, ешкім бұндай қайғылы оқиға болатынын білмеді.
"Сол күні біздің график бойынша бассейнге бару жоспарланған болатын. Ата-аналар өздері бассейнді таңдады. Біз тізімін ұсынамыз, олар таңдайды. Ата-аналар бұл жерді лагерьлерге жеңілдік беретін болғасын таңдады. Мектепте бізде мемлекеттік емтихандар болып жатты, мен сонда едім Сынып жетекшісі жүгіріп келіп "Хан Шатырдан" хабарласты, қыз баланың жағдайы нашар екенін айтты. Біз қыздың анасына хабарластық. Ол кішкентай балалардан шыға алмайтынын айтып, осы мәселені өзіміз шешуімізді өтінді. Кейіннен дәл сол сынып жетекшісі келіп, жағдайдың қиын екенін, мектеп медбикесі қатты қобалжып тұрғанын айтты. Мен қыздың анасын балаларымен қоса машина отырғызып, ойын-сауық орталығына бардым. Біз жақындай бергенде, маған медбике хабарласып, қыздың қайтыс болғанын айтты», - деп түсіндірді директор. 
Оның айтуынша, қыздың өлімі әлі күнге дейін «Хан Шатырда» болған ата-аналарүшін де, мектеп мұғалімдері үшін де жұмбақ болып келеді.
"Қыз бала еш жерге соғылмаған. Дәл сол кезде не болғанын ешкім байқамаған. Барлық тәрбиеші мен 3 құтқарушы сол жерде болған. Қыз бала басқа балалармен бірге суға түскен. Оның жоғалып кеткенін ешкім көрмеген.Біздің ойымызша, оның денесі құрысып қалған .Тәрбиешілердің сөзінше, бала суда тырбаңдамаған, ешкім ештеңе естімеген. Балалардың айтуынша, ол тыныш кетті, ешкім ештеңе көрмеген. Қаза болған қыз сіңілісімен бірге болған, дегенмен ол да оның жоғалғанын байқамаған. Ол медиктер әпкесін құтқаруға әрекет жасап жатқанда ғана білді. Видеоны полицейлер алып алды, бізге оны көрсетпеді», - деп айтты Марзия Әкімқызы.
Директордың айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін 30 оқушы лагерьге келуін тоқтатты. Ол қаза болған қыздың отбасын жақсы жағынан сипаттап берді.
«Отбасы өте жақсы, балалардың бәрін мәпелеп өсіріп отырғаны көрініп тұр. Менің білуімше, әкесі әртүрлі жұмыстарды атқарады, анасы кірпік өсірумен айналысады. Бұл қарапайым отбасы. Ешқашан көмек сұраған емес. Қыздың анасы Петропавл қаласының тумасы. Осы жерде пәтер жалдап тұрады. Қызды сол жаққа жерледі. Мектеп тарапынан мәйітті Петропавлға жеткізуге және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетілді», - деп қорытындылады директор.
Айт кетейік, «Хан Шатырдағы» Sky Beach Club бассейнінде 3 маусым күні бірінші сынып оқушысы батып кетіп, қаза болды.
06 маусым 2019 ж. 1 230 0