Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мыңнан аса адамды құтқару оның әдеттегі жұмысы - Алматылық сүңгуірдің оқиғалары

Мыңнан аса адамды құтқару оның әдеттегі жұмысы - Алматылық сүңгуірдің оқиғалары

42 жастағы Дмитрий Юшков 23 жыл бойы сүңгуір-құтқарушы болып жұмыс істеп жүр. Ол бүгінге дейін қанша адамның өмірін аман алып қалғанын айта алмайды. Себебі бірнеше жүз адамды құтқарғаннан кейін санақ жүргізуді қойған. Бірақ 23 жылдың ішінде мың адамнан кем емес дейді. Дмитрий суда жүзуді бастауыш сыныпта оқып жүргенде үйренгенін айтады. Ол жүздеген адам өмірін сақтап қалғанына қарамастан, әрқайсын айтып бере аламын дейді. Себебі адам өмірінен қымбат ештеңе де жоқ. Республикалық жедел-құтқару жасағының сүңгуір-құтқару бөлімінің басшысы өзі қатысқан құтқару жұмыстары жайлы баяндады.Дмитрий Юшков Алматы қаласында дүниеге келген. Ол жастайынан суда жүзуді жақсы көргенін айтады. Ол әскери борышын өтегеннен кейін 20 жасында сүңгуір-құтқарушылардың қатарына қосылған. "Бастапқыда сүңгуір болу үшін арнайы оқу орнын тәмамдағаным жоқ. Ең алдымен шомылу маусымында болатын түрлі құтқару жасақтарының қатарында жүрдім, кейін сүңгуір-құтқарушы болу үшін арнайы курстан өттім. Ал тәжірибені жұмыс кезінде жинай бастадым. Ең бірінші жұмыс орным Сайран көлінде болды. Онда мен қатардағы сүңгуір-құтқарушы болдым. Бұл жерде 10 жылдам аса уақыт құтқарушы болып жұмыс істедім. Яғни батып жатқан, сондай-ақ су астына кетіп өлім аузында жатқан адамдарды құтқардым", - дейді ол.
Дмитрий шомылу маусымы кезінде Сайран көлінде әріптестерімен бірге күніне 10-15 адамды өлімнен сақтап қалғанын айтты. Оның сөзінше, ең алғаш рет бірнеше адамды құтқару жұмысы әлі күнге дейін есінен кетпеген.  "Мен алғаш рет 20 жасымда сүңгуір-құтқарушы болып жұмысқа орналасқанымда Сайран көлінде бір отбасы мүшелерін аман алып қалдым. Үш отбасы мүшесі қайықпен жүрген еді. Бірақ бір уақытта олардың қайығы аударылып кетті. Әйел адам судан шығып, қайыққа асылды. Ал ер адам болса есінен танып су астына кетіп қалды, сондай-ақ бала мүлде аударылған қайықтың астында қалып қойған еді. Мен әріптесіммен бірге оларға жүзіп бардым, себебі олар біз отыратын жерден 150 метр қашықтықта болды. Үш адамды да біз көлдің жағасына алып шықтық. Есінен танып қалған ер адам мен балаға біз жасанды тыныс алу жасап, жүрекке массаж жасап, тірілттік. Бұл оқиға менің есімнен әлі күнге дейін кетпейді. Осыдан кейін құтқарған адамдарды санай бастадым. Бірақ оныншы рет адамды өлімнен арашалап қалғаннан кейін, саннан жаңылыса бастадым", - дейді ол.
Сүңгуірдің айтуынша, мұндай құтқару жұмысы оның басынан көп өткен. Құтқару кезінде ол өзі жайлы ұмытып, тек адам жанын сақтап қалсам екен деген ой туындайтынын айтты.  "Негізі мен Сайран көлінде жұмыс істегенде бір шомылу маусымында әріптестеріммен бірге бірнеше жүз адамды құтқаратынмын. Мұндай көлде оқыс оқиғасыз күн болмайтын. Мен Кіші Алматы өзеніне де сүңгуір-құтқарушы болып жұмысқа орналасқанда бір оқушыны құтқарғаным есімде, ол 11-12 жас шамасындағы қыз еді. Ол өзенге шомылып жатып аяғы тайып кетті де, терең жерге батып жатты. Ал жанында жүрген достары қорқып қашып кетті. Мен арнайы қарауылда отырып, оның батып жатқанын байқадым, дер кезінде жүзіп бардым. Айта кетейін, мұндай уақытта біз арнайы киіммен отырмаймыз. Үстімізде қандай киім болса сонымен суға кіріп кетеміз. Сөйтіп мен оқушы қызды жағаға алып шығып, алғашқы көмек көрсеттім, - дейді ол. Құтқарушының сөзінше, мұндай оқиғалар бірер минутта өте шығады.  "Біз осыдан бес жыл бұрын Кіші Алматы өзенінде бірден екі баланы құтқарып алдық, суға бірден үш бала батқан еді. Олардың екеуін әріптестерімізбен құтқарып алдық. Ал біреуі судың астына кетіп қалды. Оларды құтқару оңай болған жоқ. Әрқайсын бір-бірлеп жағаға шығарып, кейін тұншығып қалмауы үшін есіне келтіріп отырдық, осылайша екеуін құтқарып алдық. Ал үшінші бала тым тереңге кетіп қалған еді. Мұндай қайғылы оқиғаларды көп көрдім", - дейді құтқарушы.
Сонымен қатар, Дмитрий Юшков жұмыс уақытынан тыс кезде де ерлік іске барғанын айтып берді. Ол мұндай батылдық іс-әрекеттеріне мақтанбайды. Құтқарушы бірнеше жүздеген адамның өмірін құтқарып қалса да оны асқан ерлік деп те санамайды екен. "Мен бірде Есентай өзені маңынан өтіп бара жатып, бір топ адамның тұрғанын көрдім. Онда полиция қызметкерлері, жедел-жәрдем қызметкерлері де болды. Есентай өзенінің екі жағында ұзын бетон бар. Яғни өзенді бетон қоршап тұр. Ал бір адам сол өзеннің жағасында жатты. Ол аяғын қатты жарақаттап алып, қозғала алмай жатқанын көрдім. Мен ол жердегі адамдардан жедел-құтқару жасағын шақыртқанын естідім. Бірақ оларды күткенше, құтқарушы ретінде әрекетке көше бастадым. Полиция қызметкерлеріне өзімді таныстырып, көлігімде жатқан арқанды беліме байлап, өзенге қарай бетон бетімен түстім. Сөйтіп оны аяғына көтіреп, жоғарыға қарай алып шықтым. Сол уақытта маған полицейлер мен адамдар да көмектесті", - дейді Дмитрий.
Дмитрий Юшков қанша қиын болса да осы уақытқа дейін жұмысынан кету туралы ой туындамағанын айтады. Әйтсе де, қазіргі уақытта бірнеше жүз адам өміріне араша болғанына қарамастан, су астына кетіп қалған адамдарды алып шыққаннан кейін, көлге кірердің алдында сәл қобалжитынын айтты. Бірақ суға батып, жан сауғалап жатқан адамды немесе баланы көргенде, ол еш ойланбастан суға кіріп кететінін айтты. Ол өз қызметіне тек жұмыс ретінде қарайтынын сөз етті, сонымен қатар асқан ерлік жасап жатқан жоқпын дейді. Айта кетейік, "Батырлар арамызда" жобасын бастады. Жобада батылдық танытқан, адамдарды қауіпті жағдайдан алып шыққан, өлімге араша болған, қиналып жатқандарға көмекке барғандар, сондай-ақ оларды аяққа тұрғызғандар жайлы мақала жарияланады. Сіздер, оқырмандар осы айдардың авторы бола аласыздар. Ерлік жасаған қарапайым адамдар жайлы оқиғаларды мына электронды поштаға жолдай аласыздар: geroi@tn.kz. "Батырлар арамызда" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірлесіп "Қазақстанның дарынды балалары", "Жеңімпаздар" арнайы жобалары қолға алынған.
20 маусым 2019 ж. 605 0