Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Қалаулым" қашан басталады деп күтіп отырамыз: Нұржан Төлендиев атышулы шоу мен Аша Матайға қатысты пікірін білдірді

"Қалаулым" қашан басталады деп күтіп отырамыз: Нұржан Төлендиев атышулы шоу мен Аша Матайға қатысты пікірін білдірді

"Алдараспан" әзіл-ысқақ театрының директоры, танымал әзілкеш Нұржан Төлендиев "Уақыт көрсетеді" Youtube бағдарламасына берген сұхбатында Нысана театрының кемшін тұстары мен қазақ киносына жетіспейтін дүниелерді айтып, ой бөлісті. Сонымен қатар, "Қалаулым" бағдарламасына пародия жасап, сахнаға неге алып шыққанын түсіндірді,

"Халық театрды ашу, ойнау оңай нәрсе сияқты деп ойлайды. Халыққа ұсынбас бұрын біз мың рет өлшеп, бір рет кесеміз және халыққа берер тәлім-тәрбие жағын көп ойланамыз. Кейде өзімізге ұнап, көп ойланып, мың толғанып шығарған сценарийлер халыққа өтпей жатады. Ал өзімізге ұнай қоймаған туындылар көңілдерінен шығады", - дейді театр тынысының ауырлығын айтып бастаған актер. 
"Нысана" театрына қатысты Төлендиев: "Кейде театрлар репертуардың нашарлығынан көрермен жинай алмай жатады. Театрды ашып алып, оған жауап бере алмаса, айлығын уақытылы төлемесе, театрдың тарап кетуіне сол себеп. 
"Нысана" театрының жігіттері өзіме ұнайды. Талантты жігіттер. Тек оларға жақсы, білікті режиссер керек. Қойылымдарын дұрыстап беретін адам керек. Көркемдік жетекші керек. Мынау дұрыс, мынау әдепсіз деп жол сілтеп отыратын адам керек. Әйтпесе, таланттары өте керемет жігіттер. Жақсы шыққан дүниелері де бар", - деп ағалық ақылын айтты. 
Сонымен қатар, театр ішіндегі өзара ауызбірліктің маңызды екені, темірдей тәртіп керек екенін алға тартты. Өйткені айлап гастрольдік сапарда жүргенде үнемі жағдайлары бола бермейтіндігін айтады. Сондай жағдайда сабырлық пен ішкі тәртіп мықты болуы керек екенін ескертті. Халықтың алдында жүрген соң, оларға адал еңбекпен қызмет ету керек деп айтып отыратындығын жеткізді сұхбатында.
Танымал әзілкеш киноға шақырту көп болғанымен, көбінен бас тартатынын айтады. Себебі өзін тек комедиялық емес, басқа да жанрдағы киноларда көргісі келеді екен. Ал ұсыныс жасайтындар тек бір сарынды комедиялық сценарийлермен келетінін айтып, ренішін білдірді.
"Біз қарапайымдылыққа ұмтылуымыз керек. Біздің киноларда қымбат үй,  машина, әдемі киіну басым. Мәселе киімде емес, оның беретін ойында, мағынасында. Әрине, бәрін сөкпеймін. Бәлкім мені жақсы, үлкен киноларға шақырмай жатқан шығар", - деп өз уәжін айтты. 
Жүргізушінің не себепті өзіңіз кино түсірмейсіз деген сұрағына: 
"Иә, ойда бар дүние. Өзімнің труппаммен табиғаты жақсы бір ауылда аса бір күрделендірмей кино түсіру ойда бар", -  деп алдағы жоспарымен бөлісті.
"Қалаулымды" әжуалап, өткір сынның астына алуына не түрткі деген сауалға ол: "Үйде отырғанда сол бағдарламаны көріп қалдым. Күлдім. Көрмеймін деп сыртқа шығып кетіп, қайта айналып тағы көрдім. Ақырында қашан басталады дейтін болдық. Болып жатқан "қызықтарды" сахнаға шығару керек екен деген идея келді. Халық үшін таптырмайтын өтімді дүние екен деп ойладық", - деп жауап берді.
Аша Матайдың бір сұхбатында іш киімінің бағасын атауына қатысты пікірін сұраған жүргізушіге: "Іш киімі, оның бағасын айтқаны несі? Дұрыс емес. Сауатсыздық. Әңгіме қылатын нәрсе ме? Ұят нәрсе. Жалпы киімінің қанша тұртыны халыққа не керегі бар? Ауылда жыртық шұлықпен өстік қой. Несін жасырамыз. Бір үйде бір шалбар болды. Үш ағайынды ауысып кидік. Келеке етіп күлгендер болды. Студент кезімде ағамның туфлиін киіп, үлкен болған соң басына мақта тығып қоятынмын. Студент кезімде аяғыңдағы туфлиің дәу ғой деп күлетін еді. Оны кимесем жалаң аяқ қалам ғой. Қазір айтсаң өтірік сияқты. Студент кезімде 70 теңгені екі аптаға жеткізген кездеріміз болды", - деп қиындығы көп кездерден өткенін бір есіне алды.
Зеленский сынды тағы бір он шақты жылда Төлендиевті саясаттан көріп қаламыз ба дегенде заңды сұраққа ол: "Әркім өзінің қазанында қайнағаны дұрыс. Саясатқа киліге алмаймын. Өнерімді ештеңеге айырбастамаймын. Сатпаймын", - деп қысқа қайырды.
20 маусым 2019 ж. 1 296 0