Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкесі арматурамен ұрып, денесінің сау тамтығы қалмаған: Алматы облысында 8 жасар бала ауруханаға түсті

Әкесі арматурамен ұрып, денесінің сау тамтығы қалмаған: Алматы облысында 8 жасар бала ауруханаға түсті

Алматы облысында әкесі арматурамен ұрып, денесінің сау тамтығы қалмаған 8 жастағы бала ауруханаға түсті. Қатыгез әкеден қашқан оған көшедегі жандар көмек берген. Көп ұзамай әлеуметтік желіге тараған видеодан өз ұлын таныған шеше де ауруханаға жетті. Алайда ол соққыға жығылған өз ұлын кінәлап отыр.

Бүтін Еңбекшіқазақ ауданының мамандарын аяғынан тік тұрғызған бүлдіршін үйінен 30 маусым күні қашып кеткен. Жолдан такси ұстап, жұрттан «мені құтқарыңдар» деп жалбарынғанға ұқсайды. Денесіндегі темір іздерінен адам шошиды. 
«Әкемнен таяқ жедім, екі күннің бірінде анам да соққының астында қалады. Ол шыдамай үйден кетті», - депті. 
Тауып алған кісілер бірден полицейлерге хабарлап, ауруханаға жеткізген. 
«Денесінде,арқасында, жамбасында, аяқ-қолында, аяғының төменгі жағында, жамбасында соққының іздері бар», - дейді Есік облыстық орталық ауруханасы, балалар бөлімінің меңгерушісі Венера Раисова.
Бір күн үйіне келмеген сегіз жасар баланың шешесі ұлының ауруханада жатқанын тек әлеуметтік желіден естіпті. Алайда бізбен тілдесуге қарсылық танытты. Отбасылық кикілжіңге ешкімді араластырғысы жоқ. Тіпті, дәрігерлерге 1-сынып оқитын перзентінің өзі кінәлі екенін айтыпты. Өздері Есіктегі саяжайда тұрғанымен, бала қаладағы мектептердің бірінің оқушысы екен. Ондағы директор да жауаптан қашты. 
Ал Медеу аудандық білім бөліміндегілер отбасын тек жақсы қырынан танып отыр. 
«Мектепке тап-тұйнақтай боп келетін. Сабақ үлгерімі де өте жақсы. Сынып жетекшісінің немесе мектеп әкімшілігінің тарапынан дәл осы отбасыға қатысты ешқандай шағым түспеген», - дейді білім бөлімінің бас маманы Айткүл Кемелова.
Білуімізше, бұл отбасының жалғыз ұлы. Бірақ ерлі-зайыптылардың екінші некелеріне ұқсайды. Көкала қойдай сабалған баланың шешесі күйеуінің үстінен арыз жазбаймын дегенімен, полицейлер қылмыстық іс қозғап та қойған. 
«Қазіргі уақытта бұл дереккке қатысты ҚР ҚК 140-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізіліп отыр. Айта кету керек, балаға дене жарақатын салды деген күдікке туған әкесі ілінді», - дейді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Серік Үпиев.
Қазір жеткіншекпен психологтар жұмыс істеп жатыр. Қатты қорқып қалғанын айтты. Ал білім бөліміндегілер әзірге әкесін әкелік құқықтан айырғанымызбен, бала анасының қасында қала береді дейді. Бірақ отбасылық кикілжіңге теңеп, 8 жастағы баланың құқығын шешесі қаншалықты қорғап отырғанын да полицейлер тексеретін болады дейді.
03 шілде 2019 ж. 440 0