Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Маған ұмытылмас күн сыйлады": Димашпен бірге жеке концертінде ән шырқаған бала кім?

"Маған ұмытылмас күн сыйлады": Димашпен бірге жеке концертінде ән шырқаған бала кім?

29 маусымда елордада қазақ елінің мақтанышы Димаш Құдайберген “Арнау” атты жеке концертін беріп, 45 мың өнерін сүйетін адамның басын қосты. Сахнада өзін өте еркін ұстайтын әнші тыңдармандарымен қосылып, бірнеше әнді бірге орындады. Кеш барысында әншінің кішкентай тыңдарманымен бірге орындаған “Ұмытылмас күн” әні дүйім жұрттың жүрегін елжіретіп, таңданыстарын тудырды. Тіпті "Залдың арасынан әдейі шығарып, дайындап қойған бала ғой" деген күдік пайда болды. Димашпен бірге ән салу бақыты бұйырған 12 жастағы елорда тұрғыны Есет Әлжанмен хабарласып, концерттен алған әсері туралы білді.

29 маусымда Нұр-Сұлтанда өткен Димаш Құдайбергеннің концерті музыка тарихында күллі әлемді тамсандырған ірі шара ретінде қалары сөзсіз. “Димаштай жігітті тәрбиелеп өсірген ата-анасына алғысым шексіз", — дейді әншімен бірге бір сахнада ән салған Есет Әлжан есімді кішкентай жігіт. 
Есет Әлжан - әншіні жан-жүрегімен жақсы көретін кішкентай жанкүйерлердің бірі. Ол сүйікті әншісі секілді өнерге жақын. Екі жыл ішінде Димаш Құдайбергеннің әндерін шырқап, оған еліктеп өсіп келе жатқан бала болашақта өнерімен қазақтың атын әлемдік деңгейде жаңғыртуды армандайды.
Ал Есеттей өнерге енді ғана қадам басып келе жатқан балаларды қолдауға дайын екенін Димаш Құдайберген сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келеді. Талабы таудай он екі жастағы жігітпен концертте ән шырқауы мұның бір көрінісі.
Есеттің өнерімен әнші Instagram желісі, Youtube сайты арқылы таныс. Кішкентай жанкүйерін фан-зонадан байқап қалған кеш иесі, оны сахнаға көтеріп алып шыққан. Сосын екеуі бірге “Ұмытылмас күн” әнін орындаған. Мұндайдың боларын бала да, концертке бірге барған ағасы да күтпеген. Ал толқып кеткен анасы көз жасына ерік берген екен.
“Маған ұмтылмас күн сыйлаған Димаш ағама үлкен рахмет. Димаш ағаммен бір сахнада ән айтқым келетін. Арманым орындалды. Ән айтуға шыққанда қатты қобалжыған жоқпын, көңіл-күйім өте күшті болды. Алдағы уақытта әншімен тағы да бірнеше рет дуэт айтсам деген тілегім бар”, — дейді Нұр-Сұлтан тұрғыны. 
Осыған дейін әншінің жанкүйерлері Есет Әлжанға Қанат және Света Айтбаевтармен кездесуге мүмкіндік берген екен. Олар балаға ақ батасын беріп, өмірде де, өнерде де сәттілік тілепті. 
“Есет Оқушылар сарайындағы вокал үйірмесіне бес ай бұрын қатыса бастады. Қазір көптеген концерттерде, оның ішінде қайырымдылық концерттерде өнер көрсетіп жүр. Ол сарайда Димаштың ата-анасымен кездесіп, сол кісілердің ықыласына бөленді. Біз екі жыл бойы Есетті халықаралық байқауларға дайындадық. Оны 2019-2020 жылы болатын "Голос. Дети" байқауына қатыстыруды жоспарлап отырмыз ”, — дейді Есетке вокалдан сабақ беріп, ән айтудың қыр-сырларын үйретіп жүрген ағасы. 
Кішкентай әнші Димаш Құдайбергеннің әндерінен бөлек, халық әндерін айтқанды да жақсы көреді екен. Cүйікті әншілерінің қатарында Майра Ілиясова, Майра Мұхамедқызы, Сәкен Майғазиев бар.
Айта кетсек, "Астана-Арена" залында өткен Димаштың ән кешіне 45 мың көрермен жиналған. Оның 10 мыңы - әлемнің 64 елінен келген жанкүйерлері.
06 шілде 2019 ж. 1 430 0