Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Димаштың Кремльдегі концертіне келген мәскеуліктер: мәдени "шок" алдық

Димаштың Кремльдегі концертіне келген мәскеуліктер: мәдени "шок" алдық

Димаш Құдайбергеннің Кремль сарайындағы концертіне келген жұрт Sputnik Қазақстан тілшісіне әншіні не үшін жақсы көретіндерін айтып берді. Димаш Құдайбергеннің Мәскеудегі Кремль сахнасындағы алғашқы жеке концертіне 56 елден фанаттар келді. Димаштың Ресейдің төріндегі алғашқы концертіне әншінің фанаттары үш сағат бұрын жинала бастады. Олар қолдарына "Димаш" деп жазылған плакаттарын, құшақ-құшақ гүлдерін ұстап келген. Көңіл-күй көтеріңкі, олар концерттің жоғары деңгейде өтетініне сенімді.
"Өткен жылы желтоқсанда Мәскеуде Димаштың концерті өтетінін естіген уақыттан бастап дайындала бастадық. Бұл біз үшін өте ерекше оқиға. 17 желтоқсанда билеттер сатылымға шыққан кезде 20 минуттың ішінде фанаттар залдың ортасындағы жақсы орындарды алып қойды. Кейін Димаштың екінші концерті өтетіні белгілі болды.
Біз Димашқа қолдау көрсету үшін екі концертіне де барамыз. Үнемі жанында болуға тырысамыз, әуежайдан өзін де, отбасын да қарсы алып, қаншалықты жақсы көретінімізді көрсетіп жүрміз", - деді Нора есімді Еуразия фан-клубының Мәскеудегі бөлімшесінің мүшесі.
Мәскеулік Антонина Смирнова да Еуразия фан-клубының мүшесі. Айтуынша, Димаштан асып түсетін әнші қазір әлемде жоқ.
"Әуелі студент қызым Димаштың өнеріне тәнті болып, кейін маған интернеттен көрсетті. Ол Мәскеудегі фан-клубты тауып алып, екеуміз бір жылдан бері мүшеміз. Димаш әнді керемет айтады, мұндай дауысты бұрын-соңды естіген емеспін. Ол ән шырқаған кезде денеміз түршігіп, көзімізге жас үйіріледі", - дейді ол.
Ал Ольга Терекоф жұбайымен Германияның Фульда қаласынан арнайы Димаштың концертіне келген. Бұған дейін Лондондағы концертінде болып, ұмытылмас әсер алған екен.  
"Кеше әлемнің түкпір-түкпірінен концертке келген фанаттар кездестік. Алты сағатқа созылған кешке ата-әжесі, анасы, достары келді. Бірге ән шырқап, байқаулар өткізіп, тамаша кездесу өткіздік. Димаштың шығармашылығымен бір жыл бұрын таныстым. Содан бері үзбей бақылап келемін. Қазақстанда әлі болған жоқпын, биыл Астанада өтетін концертіне барып қалуым мүмкін", - деді Димаштың тыңдарманы.
Мәскеулік Светлана Гурская Димаш Құдайбергеннің Кремльдегі концертінен керемет әсер алатынына сенімді. Айтуынша, жас әншінің ешкімге ұқсамайтын қайталанбас дауысы кез келген адамды тебірентпей қоймайды.  "Мен Димашты тыңдаған сайын мәдени "шок" аламын, орасан кең дауыспен айта отырып, осынша эмоция көрсететіні таңғалдырмай қоймайды. Вокалдық мүмкіндігі зор, бірақ мәселе тек оның теңдессіз дауысы мен әнді шебер орындауында ғана емес, ол шынайы. Музыкадағы эмоцияны өзі арқылы өткізіп, әнді бүкіл жан-дүниесімен, жүрегімен орындайды. Керемет! Кейбір әншілер секілді сахнаға шығып, әйтеуір бірдеме айтып, ақшасын алуды ойламайды. Осы қасиеті үшін жақсы көреміз", - дейді ол.
Ал Мәскеу тұрғыны Маруся Светлова Димаштың сиқырлы дауысын алғаш рет естігенде қандай сезімде болғанын айтып берді.
"Димашты алғаш рет YouTube-тағы роликтен көріп, аузым ашылып қалды. Жап-жас жігіттің осынша октавада ән айтуы мүмкін еместей көрінді. Одан кейін интернеттегі барлық концерттерді, байқауларды көріп шықтым. Ал бірнеше айдан кейін әпкем Мәскеуде Димаштың жеке концерті өтетінін айтқан кезде қуанышымда шек болмады. Дарынды, танымал, мәскеулік жұлдызды элитадан емес, ол жұлдыздардың бәрін көлеңкесінде қалдырды", - деді ол.
Қытайдан Димаштың 300-ден астам фанаты Мәскеуге ат терлетіп келіпті.
"Димаш қай елде өнер көрсетпесін, біз ылғи қолдау көрсетуге дайынбыз. Біз оны I am singer жобасындағы алғашқы әнінен бері жақсы көреміз, миллиондаған "dears" оның өнеріне тәнті. Біз үшін оның музыкасы, оның әндері өте маңызды. Димаштың Мәскеудегі екі концерті де керемет өтетінін білеміз", - деді қытайлық фанаттар.
Димашқа қолдау көрсетуге әнші, композитор Ұлықпан Жолдасов отбасымен арнайы келген.  
"Бұрын тек Қытайда концерт береді деп бәрі айтушы еді. Құдайға шүкір, Еуропаны шарлады. Америкаға барып шулатып қайтты. Ол жақта да концерті болады деп күтілуде. Мәскеудегі концерті құтты болсын дейміз. Бұдан кейін Астанадағы "Арнау" концертін күтеміз. Бүгінгі кеші жақсы өтетініне жүз пайыз сенімдімін", - деді әнші.
Айта кетсек, 19 наурызда Димаш Құдайбергеннің түрлі елден келген фанаттары әншіні Мәскеу әуежайынан зор қошеметпен қарсы алды. Ресейліктер орыс халқының дәстүрімен қадірлі қонағына нан мен тұздан ауыз тигізді. Димаштың өнеріне тәнті жұрт қолтаңбасын алып, суретке түсіп, сыйлықтарын тарту етіп, мәре-сәре болған еді. Келесі күні әншінің тыңдармандары оның отбасын да әуежайдан құшақ жая қарсы алды.
Димаш Құдайбергеннің Мәскеудегі D-Dynasty концерті Игорь Крутойдың продюсерлік орталығының қолдауымен өтті. Бұған дейін концерттің үзіліссіз үш сағат болатыны айтылған еді.
Өткен жылдың желтоқсан айында әнші Кремль сарайының сахнасында өнер көрсететінін хабарлаған еді. Әуелі Димаш бір концерт беруі тиіс еді, бірақ билеттер жылдам сатылып кетіп, ресейлік тараптың өтінішімен қазақстандық әнші келесі күні де сахнаға шығуға келісім береді.Еліміздің жас әншісі Димаш Құдайберген аз уақыттың ішінде бүкіл әлемге танылды десек артық айтпаспыз. Әншінің жұлдызды жолы "Славян базары" фестивалінде басталып, Қытайдағы халықаралық "I am singer" байқауынан кейін асқақтай түсті. Азиядағы марапаттардың көпшілігін жеңіп алған Димаштың әлем бойынша фанаттары көбейіп, өнерсүйер қауымның сүйіспеншілігі мен ықыласына бөленіп отыр.

23 наурыз 2019 ж. 1 161 0