Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қанат пен Света Айтбаевтар Димаштың гонорары туралы айтты

Қанат пен Света Айтбаевтар Димаштың гонорары туралы айтты

Димаш Құдайбергеннің шетелдегі концерттерінің қаламақысы туралы ата-анасы айтып бердіДимаш Құдайбергенді концерт қоюға шақырып жатқан елдер көп. Мәселен, наурызда ол Мәскеуде Кремльде концерт берсе, одан соң Германияға аттануы мүмкін. Бұл туралы Қанат пен Света Айтбаевтар "Қарақатпен шай" бағдарламасында айтты.
"Ұсыныс көп. Канада, Корея, Жапония, Франция, Германия, ТМД елдерінен ұсыныстар бірінен соң бірі түсіп жатыр. Ең алғашқы ұсынысты Ресейден кейін Германия жасаған болатын. Бірақ бәріне бір уақытта үлгеру мүмкін емес. Сондықтан оның кезең-кезеңімен болғанын өзіміз қалаймыз", - дейді Димаштың әкесі.
22 наурызда Мәскеуде Кремльде өтетін Димаштың концертіне билет тез сатылып кетіпті. Сондықтан концертті ұйымдастырушылар Айтбаевқа тағы бір ұсыныс жасаған.
"22 наурызда Кремльде концерт өтеді. Билет таусылып қалған соң 23 наурызда да концерт берсе деп мәскеулік тарап тілек айтты. Әуелі ойланып қалдық. Өйткені 2 сағат бойына жанды дауыста концерт беру көп күшті талап етеді. Бірақ Димаштың өзі құлшыныс білдірген соң, біз жоқ демедік. Сондықтан, бұйыртса, баламыз онда екі күн қатарынан концерт өткізеді", - дейді Айтбаев.
Ал Димаштың шығармашылығынан түсетін табыс туралы сұраққа Айтбаевтардың жауабы былайша өрбіді:
"Димаш, әрине өткізген концерті үшін гонорар алады. Жақсы төлейді. Бірақ біз оны күнкөріс үшін табыс табу деген мақсатқа айналдырған емеспіз. Бізге Димаштың өнердегі жетістігі әлдеқайда маңызды. Сондықтан ақша жағына көп бас қатырмаймыз.
Ал Димаш тапқан ақшасын өзінің жанындағы адамдарына, тағы басқа сахнаға қажетті деген нәрселеріне жұмсайды. Мәселен, Димаштың жанында өзін сүйемелдейтін 25 музыканттан тұратын оркестрі бар. Хореографиялық тобы тағы бар. Клиптер түсіріліп жатыр. Дегенмен баламыздың тапқан ақшасы осының бәрінен аспайды деп тағы айта алмаймыз", - деді олар цифр жағына келгенде үндемей қалуды жөн көріп.
Қанат Айтбаевтың айтуынша, Димаш жарнамаға көп шығынданбайды.
"Қазір Димаштың әні 114 мемлекетке таралып, осынша елде оның фан-топтары бар. Әлеуметтік желіде оның әніне пікір білдіріп, видео орналастырып жатқан адамдардың легі де шексіз. Елдің көбісі осыны біз ақша беріп, жасатып жатыр деп кейде жаңсақ ойлайды. Олай емес. Бұл Димаштың әніне ғашық көрермендердің өзіндік  әрекеті", - дейді ол.
sputniknews.kz
12 наурыз 2019 ж. 1 554 0