Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Димаштың ата-анасы қазақстандық жұлдыздар туралы: "Білімі жоқ адамның сынағаны біз үшін қорқынышты емес"

Димаштың ата-анасы қазақстандық жұлдыздар туралы: "Білімі жоқ адамның сынағаны біз үшін қорқынышты емес"

Бүкіл әлемдегі тыңдармандары Ханзада Ди деп құрмет көрсетіп, ерекше ықылас танытып жүрген жарық жұлдыз Димаш Құдайбергеннің ата-анасының айтары бар. фото: ғаламтордағы ашық дереккөзден Жас дарын иесінің әлем назарына ілікпей тұрып отандық бағдарламада қазақ жұлдыздарының сынына іліккен болатын. Алайда, жігерлі жігіт сыналдым деп сағын сындырмай, өзін мойындата білді. Ал Димаштың ата-анасы айтылған сынды көңілдеріне алмадық дей отыра, "Арғы жағында білімі жоқ адамның сынағаны біз үшін қорқынышты емес" деп қайрап алды.
Бұл туралы Света және Қанат Айтбаевтар Хабар арнасындағы "Қарақатпен шәй" бағдарламасында берген сұхбатында айтты. Бірнеше халықаралық маңызы бар бауқаулардың бас бәйгесін қоржынға салып келген Димаштың, өз еліміздегі шоу бағдарламадан төмен ұпай жинағаны ыңғайсыздық тудырған. Сын тағылғанына бірнеше жыл өтсе де, баласы дегенде жүрегі алқынып тұратын ата-ананың айтары бар екен.
"Жалпы адам туралы пікір айтқан кезде, сіздің айтқан пікіріңіз ол адамның қандай екенін емес, өзінің деңгейіңіздің қандай екенін айқындайды" деп қысқа қайырды Димаштың әкесі. "Егер ұлымның дауысына қатысты, дауыс мүмкіндігіне, диапазонына, дауыс аппаратына қатысты бір сауатты пікір айтатын адам болса сол жерде... Мысалы, вокалдық методиканың майын ішкен мұғалім болса немесе мықты әншілер Майра Мұхамедқызы, Бибігүл апамыз, Әлібек ағамыз секілді шеберлер Димаштың дауысына сын пікір айтса, онда біз байбалам салып қорыққан болар едік", - дейді анасы.
Баласы атқа шапса, үйдегі анасы тақымын қысып отыратыны анық. Ұлының жауапты сәттерінде жанын шүберекке түйіп отыратын Айтпаевтар отбасында көбірек қобалжитын әкесі болып шықты. Анасы да, әкесі де "көз жасымызға ерік беріп қоятын кездер жиі болады" дейді. Әсіресе, Қанат Айтбаевтың ұлының өнер көрсету барысында, бар демін ішке жинап тұрып, шарықтау шегінде әсерленгені соншалықты, буындарын ұстай алмай қалады екен.
Айта керейік, біраз жыл бұрын Қанат пен Света Айтбаевтар болып аты дүрілдеп тұратын, бүгінде, Димаштың әкесі мен анасы деп танылған отбасылық жұп "Қарақатпен шәй" бағдарламасының алғашқы қонақтары. Димаштың алдағы болатын Мәскеудегі концертіне бүкіл отбасымен жол тартқалы отырған жанұяға сәтті сапар болсын деп тілейік.
ernur.kz
11 наурыз 2019 ж. 1 791 0