Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Гауһарларыңды бағалай біліңдер": Украиналық ару Димаштың арқасында қазақты қалай сүйгенін айтты

"Гауһарларыңды бағалай біліңдер": Украиналық ару Димаштың арқасында қазақты қалай сүйгенін айтты

Әлеуметтік желіде Димаш Құдайберген жайлы толғау жазған қыздың жазбасы тарған. Евгения Барсегян есімді украиналық ару Димаш Құдайберген арқылы қазақ елін танығанын жасырмады. Қазақ тіліне, мәдениетіне, салт-дәстүріне, музыкасына Димаш болмаса, қызығушылық танытпайтынын айтты. Украиндық аруды қазақтың ұлттық аспаптары тәнті еткен."Егер Димаш Құдайберген болмаса, қазақша ән тыңдамас едім. Қазақ тілінің сұлулығына тамсанбауым, ағылшын тіліне қарағанда қазақ тіліндегі рэп әсерлі болатынын түсінбеуім мүмкін еді. Өзіме түсініксіз тілдегі әнді тыңдап, оның әрбір сөзін түсінемін деп айтпас та едім. Қазақтардың ұлттық аспаптары сыбызғы мен қобыз жайлы хабарым болмас еді. Сыбызғы мені тәнті етті. Бас скрипканың орнына сыбызғы қызмет атқарған Ерлан Бекчуриннің аранжеровкасы таңқалдырды", - дейді украиндық ару.
Евгения Барсегян Димаш Құдайбергеннің концертін көріп, дауысын есту үшін жоспарлап қойған демалысынан да бас тартқан. Димаш болмаса, белгісіз мемлекетке қайсарлық жинап, келмейтінін де айтып берді ол.
"Басқа елден келген бір қорап шай мен тәттіге осыншалық қуанам деп ойламаппын. Егер Димаш болмаса белгісіз Қазақстанға балаларыммен жоспарлап қойған демалысымды кейінге қалдырып бармас едім. Кремль сарайының алдында тұрып, қазақстандық домбырашыларға Димаш болмаса қол соқпас та едім. Димаш мені қазақтың жанымен таныстырды", - деп ағынан жарылды Евгения Барсегян.
Украиналық қыздың ойынша Димаш Құдайберген қазақтың ұлттық болмысын әлемге танытқан, танытатын тұлға. Тыңдарман Димаштан өзінің тілінде, ұлттық аспабында орындалатын туындылар күтеді, ұлттық өнерін бағалайды дейді ол. Сондықтан, ешкімге бергісіз таланттарыңызды бағалаңыздар деп ақыл айтты украиналық қыз.
"Димаш қазақтың киелі домбырасын алып, жанындағы бірнеше жігітпен сахнаға шыққанда жұрт одан опералық ән, рок музыка, фортепианодағы әсерлі ойын күткен жоқ. Әлемнің 60 елінен келген тыңдармандар күй тыңдау үшін үнсіз тұрып қалды. Сондықтан, қазақстандықтар, өздеріңнің гауһарларыңды бағалай біліңдер. Ал біз бүкіл әлем болып сендерге көмектесеміз", - дейді Евгения Барсегян.
https://stan.kz
09 шілде 2019 ж. 791 0