Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Құдайдан қорықпайды екесіңдер": Семейлік жігіт әскери қызметкердің соққысынан кейін мүгедек болып қалған

"Құдайдан қорықпайды екесіңдер": Семейлік жігіт әскери қызметкердің соққысынан кейін мүгедек болып қалған

Семейде жиырма екі жастағы Айдар Серікбаев соққыға жығылғаннан кейін арбаға таңылған. Семейдегі №31767 әскери бөлімінің қызметкері аяусыз соққыға жыққан соң Айдар осындай күйге түсті, дейді туыстары. Ең сорақысы, қолымен істеген ісін мойнымен көтерудің орнына, қатыгездік танытқан азамат Павлодар қаласында жұмысын жалғастырып жатыр. Әділдік таппадық деп шырылдаған жәбірленушінің анасы, тым болмаса, айыпталушылар ұлының дәрі-дәрмегіне көмектессе дейді.

Айдардың сөзінше, сол күні сыныптас досы келіп, «ішіп келген ағам ұрып жатыр» деп көмек сұраған. Ойланбастан көмекке асыққан жігіт ағайындылар арасына араша түсемін деп басынан екі рет соққы алған. Ес-түссіз жерге құлаған ол өзіне келгенде екі апта бойы ауруханада жатқанын біліпті.
«Бетонға құлаппын. Екі аптадан кейін комадан шықтым», - дейді Айдар Серікбаев. 
Басындағы сүйегі сынып кеткен Айдарға үш мәрте ота жасалған. Алғашқыда төсек тартып жатқан жігіт бүгінде арбаға таңылған. Қазір оның бір қолы мен аяғының тізесінен төмен бөлігі қозғалмайды. Ал анасы айыптылар әкесі қайтқан соң отбасымызды жалғыз өзі асырап отырған ұлымның тым болмаса ем-домына көмектессе, дейді.
«Түк кінәміз жоқ деп шықты. «Құдайдан қорықпайды екенсіңдер», - дедім. Шешесі баласының кінәсі жоқ екенін айтуда. Сонда менің балам оның ұлының алдына барып құлай салды ма? Қолы тиді, ұрды ғой. Беретін ақшаларын бермей ме?!» - дейді Айдардың анасы Бақытгүл Базарбаева. 
Ал бас әскери прокуратурадағылар сау жігітті мүгедек қылды деген азаматқа қатысты істі ресми хаттан кейін қарастырып, жауап беретіндерін айтты.
11 шілде 2019 ж. 745 0