Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түрме қызметкерлері ұрғызды: Алматы түрмесінде сотталушы соққыға жығылып аурухана түсті

Түрме қызметкерлері ұрғызды: Алматы түрмесінде сотталушы соққыға жығылып аурухана түсті

Сотталған жанның туыстары Ішкі істер министрінен араша сұрайды. Қарағандыдағы түрмеден Алматы облысына қарайтын Заречныйдағы ЛА 155/12 түзету мекемесіне ауысып келген жазасын өтеуші Аманжол Тұраров аяусыз соққыға жығылған. Жарақатының ауыр болғаны сонша, зардап шегуші ауруханадан бір-ақ шығыпты.Оның әйелі бұған түрме қызметкерлерін кінәлап отыр. Себебі, күйеуін солардың тапсырысымен соталушылар ұрып соғыпты. Ал бұған қатысты түзету мекемесінің басшылығы не дейді? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Ақша бопсалады деген күдікпен 9 жылға сотталған Аманжол Тұраров жазасының екі жылын өтепті. Қазанның 3-і күні Қарағандыдан Алматы облысындағы ЛА 155/12 түзету мекемесіне ауыстырылған. Алайда оны осы жерде ауыр соққыға жығып, аурухана төсегіне таңылған. Дәрігерлер миы шайқалып, түрлі дене жарақаттарын алған деп отыр. Ал, әйелінің айтуынша, түрме басшылығы күйеуінің мұндай күйге түскенін жасыруға тырысып бағыпты.
«Болмаған соң өзім келдім. Сол жерде іздеп жүріп, адамдардан сұрастырып, далада тұрған машинадан уже кетейін деп жатқан ол кісілерді ұстап қалдым. Менің тек қана айқайыммен дәрігер шақырды. Сондықтан ғана әрең дегенде больницаға қалдырды. 11-і күні қайтып алып кетті» – дейді жазасын өтеушінің әйелі Аяжан Сүлекеева.
Жәбірленушінің жұбайы бұл жағдайға түрме қызметкерлерін кінәлап отыр. Дәл солардың тапсырысымен жазасын өтеушілер оны ұрып-соққан көрінеді. Алайда, Ал, Заречныйдағы ЛА155/12 түзету мекемесінің басшысы бұл пайыммен мүлдем келіспейді. Ол өзі құлап қалып, мертіккен деп отыр. Ал осындай күйге түскен кезде бірден көмек көрсетіпті.
“Біз Қапшағай ауруханасына жеткіздік. Ол жақта тексеріп, нұсқаулық жазып берді. Жұма күні апаратын болғанбыз. Бізде шара өтіп жатқандықтан апара алмадық. Адвокат пен соталушының әйелі хабарласты. Біз дүйсенбі апардық, сол жақта тексерілді”, – дейді ЛА-155/12 түзету мекемесінің басшысы Сырымбет Нурмухамбетов.
Осы оқиғадан кейін әйелі облыстық прокуратураға шағым түсіріпті. Артынша күйеуі түрмеден хабарласып, арызын кері қайтарып алуды өтініпті. Егер олай істемеген жағдайда өміріне қауіп төнетінін жеткізген. Көз жасы көл болған келіншегі жазасын аман-есен өтеп шығуға мүмкіндік берсе деп тілейді.
«Әділдікті тілеймін. Бүйтіп адамдарды қинауға болмайды ғой» – дейді жазасын өтеушінің әйелі Аяжан Сүлекеева.
Ал түзету мекемесінде болған осы заңсыздыққа қатысты Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне хабарластық. Ондағылар бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеру тағайындалды деп отыр.
«Еденбаевқа дене жарақатын салу фактісіне қатысты Алматы облысы ІІД-нің тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар, Алматы облысы ІІД-нің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы салғырттық фактісі бойынша мекеме қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде» – дейді қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ресми өкілі Аглая Турланова.
Айта кетерлігі, бұл Заречныйдағы ЛА155/14 түзету мекемесінде болған мұндай алғашқы оқиға емес. Шілде айында Тараздан осында ауыстырылған Қайрат Егембаевта ауыр соққыдан көз жұмған болатын. Дәрігерлер іш құрылысы езіліп кеткен жазасын өтеушіге төрт бірдей ота жасағанымен өмірін сақтап қала алмаған болатын. Енді туыстары әділдік іздеп сабылып жүр. Ол кезде де түрме басшылығы оның құлап қалып, зардап шеккенін айтқан еді.
Stan.kz​​​
17 қазан 2018 ж. 1 096 0