Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Берік Уәли Тоқаевтың бір күнде қалай бес тілде сөйлегенін айтып берді

Берік Уәли Тоқаевтың бір күнде қалай бес тілде сөйлегенін айтып берді

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Егемен Қазақстанбасылымына берген сұхбатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бір күнде қалай бес тілде сөйлегенін айтты.
Берік Уәлидің сөзінше Қасым-Жомарт Кемелұлының бір күнде бес тілде сөйлеген сәті болған.
Президент Астана экономикалық форумында дәл осылай әлемнің бірнеше тілінде сөйлеген екен.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бес тіл білетінін елдің бәрі біледі. Бірақ бір күнде бес тілде сөйлегенін ешкім көрмеген шығар. Біз соны көрдік. Астана экономикалық форумына арнайы келген Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Хань Чжэнмен қазақша бастап, сөзін қытайша жалғастырды.
Одан кейін бұрын Францияның экономика және қаржы министрі болған, бүгінде Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагардпен французша тілдесті.
Сондай-ақ форумға қатысушы шетелдік жетекші сарапшылармен өткен басқосуда ағылшын тілінде, ал Арменияның президенті Армен Саркисянмен және Ресей Сбер­банкінің басқарма төрағасы Герман Грефпен орысша сөйлесті", - деді Берік Уәли.
Ол сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде де президенттің бірнеше тілде сөйлегенінің куәсі болған.
"Орайы келгенде айта кетейін, Бішкектегі ШЫҰ саммитінен кейінгі қонақасы кезінде Қытай мен Үндістан мемлекет басшыларының ортасында отырып, бірімен қытайша, екіншісімен ағылшынша әңгімелесіп отырды.Ал өзге елдің басшылары аудармашы арқылы сөйлесіп отырғанын көрдік. Қазақтың "жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл" дейтін даналығы осы болса керек.Осы маңызды халықаралық алаңдардың барлығы – мемлекетіміздің және ел Президентінің дүние жүзінің саяси элитасында алатын орнын көрсетеді деп ойлаймын", - дейді президенттің баспасөз хатшысы.



24 шілде 2019 ж. 1 024 0