Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елбасы Нұр-Сұлтан қаласын санкцияларды талқылайтын алаң ретінде ұсынды

Елбасы Нұр-Сұлтан қаласын санкцияларды талқылайтын алаң ретінде ұсынды

Нұр-Сұлтан қаласында әлемдік санкциялар талқылануы мүмкін. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан XII Астана экономикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Нәтиже бермейтін санкциялардан ашық диалогқа көшу аса маңызды. АҚШ, Қытай, Ресей және Еуропа одағы үшін алаң болуға дайынбыз. Мен бұл тақырыптар бойынша осы елдердің басшыларымен сөйлесіп көрдім, түсінікстік бар. Сондықтан осы мәселелерді талқылап шешу үшін еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласын ашық алаң ретінде ұсынамын», - дейді Елбасы.
 
Ол сондай-ақ алдағы сайлауға қатысты пікірін білдіріп, мұндай кезеңде билік транзитінің ауысуы маңызды екеніне тоқталып өтті. 

«Бүгін мен осы форумға алғаш рет Президент емес ретінде қатысып отырмын. Елімізде кезектен тыс сайлаудың өтуіне бір айдан аз уақыт қалды. Бұл сайлаудың елдің болашағын қамтамасыз ету үшін қажет. Nur Otan партиясының съезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсындым. Мен қазір Елбасы және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде жұмысымды жалғастырып жатырмын. Мұның бәрі жаңа президенттің жұмысына қолғабыс жасау және биліктің тыныш жағдайда транзитінің ауысуына ықпал ету», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Форумға келген шетелдік қонақтардың арасында  Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хань Чжэн, Армения Республикасының Президенті Армен Саркисян бар. Жалпы, форумға 5 492 адам тіркелген. 

Айта кетейік, АЭФ-тың  басты мақсаты – жаһандық үрдістерді зерттеу және Қазақстан дамуының практикалық саясатын жасау үшін экономикалық саясат пен ғылым саласында тәжірибе алмасу алаңын құру. Астана экономикалық форумы 11 жылдың ішінде әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ең беделді халықаралық платформалардың бірі ретінде мәртебеге ие болды. Форумға әлемнің 150 елінен 50 000-ға жуық делегаттар, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаттары және 30 жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткерлері қатысып үлгерген.

https://baq.kz  

16 мамыр 2019 ж. 693 0