Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйелдер вагоны тиімсіз – ҚТЖ

Әйелдер вагоны тиімсіз – ҚТЖ

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ әйелдер вагоны мен купесін енгізу туралы ұсынысқа жауап берді.  Ұлттық компания төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов әйелдер вагонын енгізу тиімсіз дейді. Ол бұны қазір жүзеге асыру мүмкін емес деген пікір білдірді.

«Былай да вагондар жетіспейді. Бұл өте қымбат. Біздегі ең қымбат вагондар -«Тальго» вагондары. Себебі оларға сервистік қызмет көрсетіледі», - деді Қанат Әлмағамбетов ИИДМ-де өткен баспасөз мәслихатында. 
Ал әйелдер купесіне қатысты сұраққа «Жолаушылар тасымалы» АҚ Сервис және клиенттермен жұмыс департаментінің директоры Әлібек Сұлтанов жауап берді. 
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен келіп түсетін талаптар, тасымалдау ережелері бар. Егер министрлік тасымалдаушыда әйелдер купесі болу керек десе, онда орындаймыз. Қазір бұндай бастама қаралып жатқан жоқ. Осындай шара компанияға көп шығын әкеледі», - деді Әлібек Сұлтанов. 
Еске сала кетсек, 2018 жылғы қыркүйекте «Тальго» пойызының жолсеріктері Нұр-Сұлтан қаласынан Ақтөбеге бара жатқан жас әйелді зорлаған. Ол - Ақтөбе облысының тұрғыны. Кейін сот жолсеріктер Үмбетәлиев пен Құрманиязовты кінәлі деп танып, оларды екі жарым жылға бас бостандығынан айырды.
https://baq.kz
31 шілде 2019 ж. 1 011 0