Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 12 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

12 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

Қазақ киносының күні
1941 жылы Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің №762 қаулысына сәйкес, Алматы киностудиясы құрылды. 1960 жылы атауы «Қазақфильм» киностудиясы деп өзгертілді, ал 1984 жылы оған қазақ кинематографиясының кемеңгер қайраткері Шәкен Аймановтың есімі берілді.
Сондай-ақ, дәл осы күні Иранда да кино күні атап өтіледі.
1941 жылы Қазақ КСР-нің Халық комиссарлары кеңесінің №762 қаулысына сәйкес Алматы (көркем фильмдер) киностудиясы құрылып, 1960 жылы атауы «Қазақфильм» болып ауыстырылды. 1984 жылы «Қазақфильм» киностудиясына ұлттық кинематографияның көрнекті қайраткері Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың аты берілді (Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы).
  1998 жылы Алматы қаласында ақын, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіш-бюсті мен мұражай үйінің ашылу салтанаты өтті.
2006 жылы Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-Түркі» атты еңбегінің орыс тіліндегі алғашқы басылымы жарық көрді. Аталмыш еңбек түркі тілдерінің ең көне сөздігі және Орталық Азиядағы өркениет тарихы туралы маңызды білім көздерінің бірі болып табылады. Шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ әдебиеті классигінің немересі Зифа-Алуа Әуезова үш жылдан астам уақытын ежелгі түріктердің қайталанбас мәдени ескерткішін аударуға арнады. Басылым ХІ ғасырда Махмұд Кашқари құрастырған «Диуани Лұғат ат-түрік» лексикографиясының тұңғыш сөздігінің араб тіліндегі түпнұсынан толықтай аударылған.
2009 жылы Алматыда қазақ және орыс тілдерінде «Алматы тарихы» атты кітаптың 1,2-томдары, «Алматы энциклопедиясы», «Жетісудың ортағасырлық астаналары», «Алматы - мың жылдық тарих» атты шығармалардың таныстырылымы өтті.
Кітаптарды Ұлттық Ғылым Академиясының Марғұлан атындағы Археология, Сүлейменов атындағы Шығыстану, Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институттарының мамандары бірлесіп дайындаған. Туындыларда түрлі дерек көздері негізге алына отырып, қаланың ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі түйінді сәттері жаңа көзқараста тұжырымдалып жазылған.
2009 жылы Алматыда «Асыл Алма» атты сыйлықтың таныстырылымы болды. Сыйлықтың ұйымдастырушысы - Алматы қаласының әкімдігі, Алматы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, «Via Concordia» коммуникация агенттігі және салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының қауымдастығы.
Сыйлық үш номинация бойынша тапсырылады: «Компания қызметкерлерінің денсаулығын қорғауға қосқан үлесі үшін», «Тұрғындар арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан үлесі үшін», «Әлеуметтiк мағынасы бар аурулармен күресуге қосқан үлесі үшін».Жеңімпаздарға «Асыл Алма» құрмет белгісі, мүсіншесі, грамота және диплом табыс етіледі. Конкурсқа Алматы қаласында тіркелген барлық коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар қатыса алады.
  2012 жылы Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ашық аспан астындағы «Құмай» археологиялық-этнографиялық кешені ғылыми орталығы мен ландшафт мұражайын құру жобасының тұсауы кесілді. Кешенде жалпы тарихы 4 мың жылдан асатын қола дәуірінің, ерте темір дәуірінің (сақ кезеңі), ғұн және түркі дәуірлерінің ежелгі және ортағасырлық ескерткіштері жиналған. Шара аясында Астанадан 120 км шығыста Құмай өзенінің жағасындағы «Бұйратау» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан кешеннің аумағына саяхат ұйымдастырылды. 2015 жылы Алматыда зияткерлік ойындар бойынша алғаш рет «Еуразия Кубогы» өткізіліп, оған Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Германия, Грузия, Израиль, Латвия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан командалары қатысты. 2015  жылы Астана әуежайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық ғарыш стансасынан оралған «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің халықаралық экипажын құттықтады.
«Біз баршамыз сіздердің аман-есен оралғандарыңызды тіледік. Әрине, барлық Қазақстан халқы біздің үшінші ғарышкеріміз Айдынның (Айымбетов - ред.) сәтті оралуын күтті. Байқоңыр ғарыш айлағының мерейтойлы жылында бұл өте айрықша мәні бар оқиға. 1960 жылы әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болып саналатын «Байқоңырдың» құрылысы басталды. Дәл осы жерден адам жердің тартылыс күшін еңсеріп, алғашқы жер серігі, бірінші адам ғарышқа ұшты. Содан бері біз «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарышқа ұшқан адамдардың барлығын өзіміздің жерлестеріміздей қабылдаймыз. Ғарышкерлердің аман-есен оралуына сіздермен бірге қуанып, жылы қабылдаймыз», - деді Президент.
2015 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданы, Лепсі ауылында спортта дарынды балаларға арналған ерекше интернат ашылды. Бұл ауылдық жерде орналасқан алғашқы және жалғыз спорттық интернат болды. Сондай-ақ, ол демеушілік қаражат есебінен салынғанын атап өткен жөн. Интернат базасында спорттың алты түріне арналған мамандандырылған залдар, ойын бөлмесі, футбол алаңы, монша, кітапхана, асхана, 250 адамға арналған жатақхана ашылып, жаттықтырушылар мен оқытушыларға арналған үйлер салынды.
  2016 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Самарқандқа жасаған жұмыс сапары барысында Өзбекстан Республикасының Президенті міндетін атқарушы Шавкат Мирзиеевпен кездесті. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеев екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелері, сондай-ақ күн тәртібінде тұрған аймақтық және халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасты.
2017 жылы Қазанда өткен ХІІІ Қазан халықаралық мұсылман киносы фестивалінің қорытындылары бойынша, жерлесіміз, актер Дулыға Ақмолда «Оралман» фильміндегі еңбегі үшін үздік актор атанды.
2018 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Қайнар ауылында мемлекет және қоғам қайраткері, ІІМ генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай арнайы ескерткіш ашылды.
Шырақбек Қабылбайұлы Қабылбаев (1908-1976) - қазақстандық мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Ішкі істер министрі, ішкі қызметтің генерал-лейтенанты, Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
https://www.inform.kz/kz/12-kyrkuyek-kazakparat-kuntizbesi_a3564155
12 қыркүйек 2019 ж. 709 0