Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көзге шыққан етті кетіретін дән

Көзге шыққан етті кетіретін дән

Бұл ерекше дән туралы біз бір жыл бұрын естігенбіз. Жасы елуге таяған таныс апайдың көзіне ет өсе бастады. Отамен алдырып тастауға қорықты. Ал басқалай ем түрлері әсер ете қоймады. Сонда сұрастырып жүріп осы амалды жасаған әлгі апай көздегі шелден дәрісіз және отасыз айыққанын естігенде таңқалғанбыз. Сәті түсіп, жақында көздегі қалыпсыздықты түзеуге көмектесетін жанмен жолықтық. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында тұратын Сағира Әлжанова
 
Ол орама деп аталады екен
 
«Марқұм енемді кезінде көп адам іздеп келетін. Енем талай замандасының көзіне өскен етті осы кішкентай ғана дәнмен кетіріп беретінін көрдік. Көмектесіп жүріп ол тәсілді мен де үйреніп алдым. Кейін енем келушілерін маған сілтейтін болды.
Өзім бұрыннан балалардың тамағын басып, шошынғандарға су ұшық жасаушы едім. Көзіне шөп, құм кіріп, түйнеп ауыртқанда жерлестер: «Сағира, көмектесші, көзіме түскен нәрсе кетпей, ауыртып, мазамды алып барады», – деп келеді. Көзге тіл салатын амал бар. Мен осы әдіспен көздегі бөгде затты алып тастаймын. Сондықтан енемнен бұл тәсілді тез меңгеріп алдым. Оған да он жыл болып қалыпты.
 
Бұл дән орама деп аталады. Көріп тұрсыздар, укроп дәніндей кішкентай ғана. Көз жанары құрғаған, үнемі қызарып жүретін, көзінің іші қышитын, ет өсе бастағандарға мұның көмегі өте күшті», – деп С. Әлжанова қалтасынан кішкен­тай құты алып, ондағы майда дәндерді ақ параққа төгіп көрсетті.
 
Алыстан арнайы барғанымызды естіген ол көзге орама жасау тәсілін көрсетуді жөн көрді. Біз үш жолаушы болатынбыз. Арамыздағы «ерікті» төрге төселген көрпешеге ыңғайланып, шалқадан жатты. Оның көз жанарына анықтап қарап алған С. Әлжанова:
 
«Компьютермен жұмыс істейтін, смартфонға көп қарайтын адамдардың көз жанары құрғайды. Нұры таяды. Көзі шаршағандарды да осылай білуге болады. Қазір әсерін өздеріңіз көресіздер», – деп, әр көзге жеті дәннен салатынын айтты.
 
Құрамында жеті витамин бар дейді
 
Түсінгеніміз, сырттай қарағанда өте оңай әдіс: көзге дәнді тастай салатындай көрінгенмен, мұны да тәжірибесі бар, епті адам жасауы тиіс екен. Көзге дән салған соң келуші он бес-жиырма минут жатады. Сәлден кейін көз жұмулы көздің шетінен аздап жас ағуы мүмкін. Бұл аралықта орама көз ішінде өзді­гінен «жүзіп» жүріп, ондағы бөгде заттарды өз бойына жинап алатын болып шықты. Емделушіде көз іші аздап қышығандай сезім болатын сияқты.
«Жұмысын» бітір­генде дән­дер көз ше­тіне жиналады. Осы кезде саусағына сте­рилді бинт орап, дайын тұрған С. Әлжанова өте епті бір ғана қи­мылмен көзді сүртіп алды. Жаңа ғана көз ішінде жүрген дәндер саусақтағы бинтке жабысып шығады екен. Осы жерде өзге айтса сенбес едік, өз көзіміз­бен көр­ген соң біздің таңқалмасқа шарамыз қалмады: көз­ді айналып жүзіп шыққан өте кіш­кентай дәннің әрқайсысы өзімен бірге бірта­лай «қо­қыс» ала шығыпты.
 
«Бәрі де осылай таңданады. Көздің ішінде де «мусор» болатынын білмейтіндер көп.
 
Біз ораманы Сарыағаштағы таныстар арқылы Тәжік­стан­нан алдыртамыз. Ол буылған шөп түрінде келеді. Дәндерін өзіміз біртіндеп теріп, жуып-тазалап аламыз. Осы дәнде көзге шипа болатын жеті түрлі витамин бар дейді. Қасиеті де, құпиясы да осында болса керек.
 
Әдетте көзге бір түйір құм түссе де жайсыз сезініп, біртүрлі боламыз. Ал орама жасатқандар көз ішіне массаж жасағандай жағымды әсер болатынын айтады. Дәнді алған соң терезе алдына апарып, далаға қаратамын. Сіз де жан-жағыңызға, далаға қараңызшы, әсерін өзіңіз айтарсыз», – деді С. Әлжанова.
 
Көруді де жақсартады екен
 
«Шынында көзім демалып қал­ғандай болып отырмын. Шыныдағы шаңды сүртіп болып далаға қарағандай әсер береді екен», – деді емделу­шіміз.
 
Ораманы көздің жағдайына қарай бес – он күн аралығында жасатқан дұрыс екен.  Әр көзге қанша дән салатынын, оны қанша уақыт ұстайтынын кейіпкеріміз келушісінің көз жанарына қарап анықтайды. Айтуынша, орама көздің шаршауы, қызаруы, жасаурауы, қабынуы, жиі қышуы кезінде де жақсы көмектесетін көрінеді. Орама деп аталу себебі – көз ішіне өскен етті әлгі дән өз бойына орап, алып шығады екен. Яғни орама – табиғи ота! Сондықтан аудан көлеміндегі көз ішіне ет өсе бас­таған жандар Сағираны із­деп барады екен. 
 
«Қайбір жылы кө­зінің көруі нашарлаған бір жігіт келді. Он күн орама жасатты. Одан кейін «зрениесі» жақсарғанын айтып хабарласып, қуантып қойды. Әрине, көруді жүз пайыз емдеп жібермейді. Олай деп өтірікші болар ойым жоқ. Бірақ қазіргідей көзге көп салмақ түсетін уақытта ораманың кәдімгідей пайдасы бар. Барлығы да сіздер сияқты көз­дің сол заматта тынығып, демалып қалғанын айтады», – дейді кейіпкеріміз.
 
...Біз ақ парақтағы титтей ғана дәндердің атауын білмегендіктен ол туралы еш­қандай дерек таба алмадық. Дегенмен С. Әлжанованы бұрыннан білетін, оған бірнеше рет орама жасатып көргендер ешқандай да кері әсері, зияны жоқ деп сендірді. Сондықтан табиғатта ештеңенің артық жаратылмағанын, көзін тапса, барлық нәрсенің де кәдеге асатынын мойындадық. Кім білсін, мүмкін бұл түйір дәннен орама жасап, көз жанарының жақсы көруіне көмектесіп жүрген С. Әлжановаға берілген қасиет болар...
 Zamana.kz
20 сәуір 2018 ж. 24 946 4

асел от 20 қыркүйек 2018 17:08
Көзге шыққан етті кетіретін дән Қалай аталады 

асел от 20 қыркүйек 2018 17:10
Автор  Көзге шыққан етті кетіретін дән қалай  аталады Мақалаңызды неге нақты жазбайсыз Ол дән ненің дәні?

Jan от 26 сәуір 2019 16:56
оған біз жақта клапшен дид

Jan от 26 сәуір 2019 16:56
Біз жақта оны клапшен дид