Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақмола облысында орманнан 77 жастағы зейнеткердің денесі табылды

Ақмола облысында орманнан 77 жастағы зейнеткердің денесі табылды

Ақмола облысының Целиноград ауданында жоғалып кетті деп, іздеу жарияланған зейнеткердің өлі денесі табылды.

Бұл туралы Ақмола облысы ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
«Полиция қызметкерлері  22 сәуірде Қажымұқан ауылынан 5 шақырым жерде темір жол бойындағы орманнан 77 жастағы зейнеткердің жансыз денесін тапты. Алдын ала деректер бойынша, әйел жолдан дасып кеткен. Сағат 16.25-де марқұмның денесі мәйітханаға жіберді», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетсек, 17-ші сәуірде Қажымұқан ауылының  50 жастағы тұрғыны полицияға анасының жоғалып кеткенін айтып, зейнеткерді табуға көмектесулерін өтініп, көмек сұрады.
Әйелдің айтуынша, 77 жастағы Несіп Рахымова 16 сәуірде сағат 15: 00-де нан алу үшін дүкенге кетіп, қайта оралмады. Бірақ марқұмның туыстары алғашында бұған мән бермеген. Себебі олар Рахымованы жол-жөнекей таныстарының үйіне кіріп кетті деп ойлаған. Түнге таман қызы анасының осы уақытқа дейін үйге келмегеніне алаңдап, ауыл арасында зейнеткерді іздей бастаған. Барлық таныс адамдардың үйін аралап, олар Рахымованың ешкімдікіне  келмегенін білді. Жақын маңда орналасқан дүкен сатушысы, әйелдің сағат 15.30-да дүкенге келіп, екі күлше нан сатып алғанын айтты. Бірақ оның ары қарай қайда кеткенін сатушы көрмеген. Осыдан кейін зейнеткердің туыстары полицияға барып көмек сұраған.
Куәгерлердің айтуынша, Астанаға баратын  автобус аялдамасынан Рахымоваға ұқсас әйелді көрген. Сондай-ақ оның астанаға баратын  жол бойында жүргенін көргендер де бар екен. Соңғы уақытта зейнеткердің мойны ауырған соң, ол ауырсынуды басатын дәрілерді  қабылдап жүрген. Дәрінің салдарынан марқұмның  еске сақтау қабілеті нашарлаған. Сол себептен қайда жүргенін ұмытып, адасып кетуі мүмкін.
23 сәуір 2018 ж. 1 612 0