Гендерлік теңдік заман талабы

Елбасы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы гендерлік тепе-теңдіктің стратегиясы билік пен қоғамның әрекет етуінде ерлер мен әйелдердің теңдігіне бағытталған.
Бұл стратегия- еркектер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігіне қол жеткізу жөніндегі міндеттердің шешілуін көздейді. 9 бөлімнен тұратын Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру әйелдер мен ерлердің өздерінің өмір сүру құқықтарын жынысқа байланысты кемсітусіз іске асыруы үшін жағдай жасауға ықпал етеді. Яғни, осы арқылы әйелдердің саяси-экономикалық ілгері жылжуы үшін еліміздегі гендерлік саясаттың үлттық моделі әлеуметтік-экономикалық саясаттың жаңа белесін ашты деуге болады.
Қазақстанда гендерлік саясат жүргізу жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді. Оның негізгі міндеті отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты кешенді мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады.
Қазір таным-түсінік, өмірлік ұстаным еркектер мен әйелдердің өмір сүру салты мен қоғамның дамуына қосатын үлесін теңестірді. Қазір әйелдер мен ерлер мемлекеттің дамуы мен өркендеп, гүлденуі жолында әр-түрлі салада тең дәрежеде еңбек етуде.
Гендерлік саясаттың Стратегиясын жүзеге асырудың маңызды сатысы тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады.
Сонымен қатар, Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтылғандай, уақыт талабына сай әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсене араластырып, олардың бизнес ашып, кәсіпкерлікпен шұғылдануына мүмкіндік туғызу арқылы жаңа кезеңдегі қазақстандық әйел бейнесін қалыптастыруға болады.
Л.Ажигулова,
Арал аудандық сотының жетекші маманы,
Заңгерлер одағының мүшесі.