Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Неліктен баланың көзі көрмей қалады?

Неліктен баланың көзі көрмей қалады?

Соңғы кездері балаларда көз проблемасы көбейіп келеді. Бұл орайда ата-ананың жіберетін қателіктері бар. 

1. Данышпанды тәрбиелеу әрекеті 

3-4 жасында баланың көру жүйесі толықтай қалыптасып бітпейді. Ал артық жүктеме ересектің көзіне қарағанда кішкентай баланың көзіне одан бетер әсер етеді. Егер бұл жастағы балада 1 аптада 3 ағылшын сабағы, 2 сурет сабағы және күнделікті оқу бар болса, тоқтатыңыз. Онда зерек бала емес, көзі ауыратын бала шығуы мүмкін. 

2. Уақытында емделмеу 

Баланың көз көруі "түсіп" кеткенін байқап, бірақ уақытында мән бермедіңіз. Ендеше, алыстан немесе жақыннан көрмеушілікке көру жүйкесі семуі (атрофия), көз торының қабаттануы немесе қылилық қосылатынына дайын болыңыз. Кез келген ауруды уақытында емдеуге тырысу керек, әйтпесе, уақыт өте ол ұлғайып, баланың болашақтағы өміріне өз әсерін береді. 

3. Үй жұмысын орындау кезінде үзілістердің болмауы 

Егер баладан барлық үй жұмысын орындамай, орындықтан тұрмауын талап етсеңіз, еңбексүйгіш бала емес көзі құртылған бала шығатынын түсініңіз. Мектептің өзінде сабақ 40-45 минут болады, содан соң үзіліс жасалады. Соны үйде де қолданған жөн. Бірақ бала үзіліс кезінде компьютерде немесе ұялы телефонда отырмауы керек. Сондықтан баланың үзілісте жаттығу жасауын немесе серуендеп келуін сұраңыз. Өзіңізбен бірге дүкенге немесе қоқыс шығаруға алып кетіңіз: баланың көзі демалады, сізбен сөйлеседі, серуендейді. 

4. Экран алдында ұзақ отыру 

Балаларға түрлі техника ұнайды, ал ата-анаға баланың тыныш бір орында отырғаны жағады. Қазіргі кезде баланың смартфондар мен компьютерде отыруын мүлде доғарта алмайсыз және қажеті де жоқ. Бірақ уақытты шектеу қажет: 3 жас – 15 минут (күніне), 5-6 жас – 20 минут, 15-16 жас – 60-90 минут. Соның ішінде, ұялы телефонға қарағанда компьютер немесе теледидарды қаратқан дұрыс. Олардың экраны үлкен және көзден алыстап қою мүмкіндігі бар. 

5. ББҚ-мен (биологиялық белсенді қоспа) әуестену 

Баланың көзін өздігінше емдеу мақсатында түрлі ББҚ беру немесе интернеттен көрген түрлі көз жаттығуларын жасаудан нәтиже шықпайды. Баладан көз проблемасын байқасаңыз, офтальмолог көз дәрігеріне қаратыңыз. Әйтпесе, бағалы уақытыңызды жоғалтасыз. Баланың көзі жақсы көрсе де, жоспарлы тексеру туралы ұмытпаңыз: 1 ай, 3 ай, 6 ай, 1 жас, 2 жас, 3 жас, 6 жас.

massaget.kz​​​
25 қазан 2018 ж. 1 745 0