Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандықтар 21,6 млрд теңгесін алаяқтарға беріп жіберген – сенатор

Қазақстандықтар 21,6 млрд теңгесін алаяқтарға беріп жіберген – сенатор

Парламент Сенатының депутаты Әсем Рахметова Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында интернет-алаяқтық үшін жазаны қатаңдатуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сенатордың ақпаратынша, 2024 жылдың сегіз айында республика бойынша 11 765 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген.

«Халық 21,6 млрд теңгесін алаяқтарға беріп жіберген. Бұл ішкі істер органдарына арызданғандар бойынша ғана мәлімет»,- дейді ол.

Депутат алаяқтар халықты алдаудың жаңа тәсілдерін іздеуді жалғастырып жатқанына алаңдаулы. Оның пікірінше, ішкі істер және басқа да мемлекеттік органдар кешенді шаралар қабылдаса да, қазақстандықтарды қорғауды күшейту қажет.

«Ішкі істер министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп антифрод жүйесімен 1,9 миллионнан астам шетелдік алаяқтық қоңырауды бұғаттады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, «ауыстырылатын нөмірлерден» 58 млн шетелдік қоңырауды тоқтатқан. Ұлттық банкпен бірлесіп, антифрод орталықты құру арқылы шетелге кетіп қала жаздаған 395 млн теңге бұғатталған», - деді сенатор.

Рахметова интернет-алаяқтығына қарсы күресті күшейту үшін танымал әлеуметтік желілерде тұрақты ақпараттық науқан жүргізуді, әр аймақтағы белгілі адамдарды, блогерлерді, қоғам белсенділерін алаяқтық қаупі және интернеттегі сақтық туралы түсіндіру жұмыстарына тартуды ұсынды.

«Азаматтар күмәнді әрекеттер туралы хабарлай алатын және кеңес ала алатын арнайы сенім телефондары мен онлайн-платформаларды әзірлеу керек. Бұл шаралар азаматтардың алаяқтықпен байланысты тәуекелдер туралы хабардарлығын арттырып қана қоймай, қылмыс жасау мүмкіндігін азайта отырып, қауіпсіз және қорғалған цифрлық ортаны құруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Сондай-ақ Рахметова интернет-алаяқтыққа, әсіресе жалған аккаунттар құру немесе фишингтік шабуылдар жасау сияқты жоғары технологияларды қолдану арқылы халықты алдағандарға жазаны қатайтуға қатысты заңнама бойынша ұсыныстар енгізуді ұсынды.

Сурет: ​azattyq-ruhy.kz​​​ 
05 қыркүйек 2024 ж. 136 0