Шахтадағы жарылыс

Оқыс оқиға аймағында «Серіктес АҚҚ» ЖШС-ның құтқару бөлімшелері апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Ұлытау, Қарағанды облыстарының төтенше жағдайлар департаменті күштері мен құралдары жұмылды. Оның ішінде кинологиялық топтар, Төтенше жағдайлар министрлігі апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері мен психологтері барынша жедел жетті. Төтенше жағдайлар министрлігі Командалық орталығында, Ұлытау облысының ТЖД базасында жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің Командалық орталығында бейнеконференция байланысы арқылы апаттық-құтқару жұмыстары жөніндегі жедел штабтардың іс-қимылдары үйлестірілді. Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков, Ұлытау облысы ТЖД бастығы Есен Байыров, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Кеңгірбай Есенеевтар да оқиға орнына жетті. Амал не, үйінді астынан 7 кеншінің де мәйіті шығарылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тас-топырақ қыртысының опырылуы салдарынан қаза болған жұмысшылардың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді. Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берді.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтаның опырылуы себептерін анықтау, зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Оқиға орнында ТЖ қызметі, ІІМ, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің шұғыл тергеу тобымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Комиссия мүшелері оқиға орнында болып, тергеу барысымен танысты. Қаза тапқандардың отбасыларына бірінші кезекте көмек көрсету жөнінде тапсырма берілді. Осыдан соң Премьер-министрдің орынбасары Штаб отырысын өткізіп, қаза тапқандардың туыстарымен кездесті.
Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайтыс болған 7 адамның денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Қаза тапқан кеншілер:
1) Ақшалов Қайрат Аманбекұлы, 1975 жылы туған, сорғы қондырғыларының машинисі.
2) Жақұбаев Ардақ Боранбайұлы, 1998 жылы туған, жерасты учаскесінің тау-кен шебері.
3) Жұмадоллаев Бақытбек Нышанұлы, 1975 жылы туған, сорғы қондырғыларының машинисі.
4) Кенжебеков Орынбек Әмірханұлы, 1991 жылы туған, тиеу-жеткізу машинасының машинисі.
5) Молдабеков Ғалымжан Есенбекұлы, 1978 жылы туған, сорғы қондырғыларының машинисі.
6) Нұролдаев Олжас Жағалбайұлы, 1979 жылы туған, жерасты учаскесінің энергетигі.
7) Рожков Константин Владимирович, 1992 жылы туған, жерасты тау-кен қазу жабдықтарының электр слесарі.
Ұлытау облысының әкімдігі кен орнында қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан қажетті қолдаудың барлығы көрсетілетінін хабарлады. Қайғылы оқиғаға байланысты өңір басшысы Д.Рыспеков: «Қайғылы оқиға баршамыздың жүрегімізге ауыр тиді. Бұл жағдай – отбасы үшін орны толмайтын қаза. Қайтыс болған кеншілердің туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету үшін барлық тиісті шара қабылданады», деп мәлімдеді.
«Қазақмыс корпорациясы» серіктестігі ұжымдық келісімшартта көзделгендей, кеніште қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады. Әлеуметтік, материалдық қолдау, соның ішінде моральдық зиянды өтеу мақсатында қаза тапқандардың отбасыларына жұмыскердің орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшері беріледі. 2 млн теңгеден астам сома жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға төленеді. Осыған қоса, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несие қарыздарын жабу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылады.
Апаттың нақты себеп-салдары алдағы күндері анықталады. Қалай дегенде де кейінгі жылдары елдегі ірі өндірістік компанияларда адам өліміне алып келген оқыс, қайғылы оқиғалардың жиі тіркеліп кеткені қатты алаңдатады. Бұл тау-кен саласындағы жұмысшылардың қауіпсіздігі мәселесі әлі де болса оң шешімін таппай келе жатқанын білдіреді. Қайғылы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі, «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» фактісі бойынша іс қозғалды. Оқиға орнында Ұлытау облысының полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр.
Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: Нұрболат Нұржаубай