Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқаев қандай шенеуніктерден құтылатынын айтты

Тоқаев қандай шенеуніктерден құтылатынын айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев біліксіз және жүгенсіз шенеуніктерге мемлекеттік қызметте орын жоқ екенін айтты, деп хабарлайды alashainasy.kz 
Мемлекет басшысы шенеуніктер халықтың бір бөлігі екенін, халық арасында жүріп, солар үшін қызмет ететінін еске салды.
Президенттің айтуынша, халық үніне құлақ асатын мемлекет бюрократиядан ада, барлық процедура цифрландыру негізінде ашық жүргізілетін мемлекет екенін атап өтті.
"Мемлекеттік билік жүйесіне басқарушылардың жаңа толқынын тарту қажет. Алғашқы қадам жасалды. Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды", - деді Тоқаев Ақордада мемлекеттік наградаларды табыстау салтанатында.
Қазақстан президенті халықты тыңдайтын мемлекетте әр азамат өзін қауіпсіздікте екенін сезініп, шенеуніктердің біліксіздігі мен жүгенсіздігінен қорғалуы тиіс екенін қадап айтты.
"Мұндай шенеуніктерден біз үзілді-кесілді бас тартамыз, құтыламыз", - деп сендірді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетсек, Ақордада мемлекет басшысы Тәуелсіздік күні қарсаңында елге еңбегі сіңген бірқатар азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.
Бұдан бөлек, президент азаматтар мен мемлекет институттары арасындағы қарама-қайшылықтар ушығып тұрғанына баса назар аударды.
"Күллі әлем жұртшылығы тұрмыс сапасын жақсартуды, тең мүмкіндіктер беруді және мемлекеттің ашықтығын талап етуде. Қазақстан – осы әлемнің бір бөлігі. Сондықтан бұл мәселелердің біздің елімізге де қатысы бар. Осындай жағдайда жалған ұрандарға сенген елдің береке-бірліктен айырылғанына куә болып отырмыз. Осы себептен жағымсыз әрекеттерге дер кезінде назар аударып, халық мүддесіне сай саясат жүргізу өте маңызды", - деді Тоқаев.

13 желтоқсан 2019 ж. 1 084 0